Атырау, 7 мамыр 20:00
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Хас шеберлер жиналған спорт мектебі

5 574 просмотра

Image 2Спорт күніне орай Атырау қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің (ЖСШМ) директоры Аманбай ҚЫЗДАРБАЕВ (суретте) алғашқы жартыжылдықтағы үздік спортшылардың атын атады.

ЖАНСЕЛЬ ДЕНИЗ: ҚОРЖЫНЫМЫЗҒА САЛЫНҒАН АЛҒАШҚЫ «АЛТЫН»

- Мектептің міндеті - өсіп келе жатқан спортшылардың әлеуетін арттыру, олардың ҚР құрамасы қатарына кіруіне мүмкіндік жасау, халықаралық жарыстарға жолсапарларды, оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру, әлемдік және олимпиадалық деңгейдегі жеңістерге қол жеткізу. Осындай мектеп еліміздің барлық облыстарында бар. Сондықтан да облыс әкіміне 2015 жылғы қаңтар айында ЖСШМ құру туралы шешім шығарғаны үшін алғыс айтқым келеді.

"ЖС" АНЫҚТАМАСЫ:
Аманбай Қыздарбайұлы Қыздарбаев, 43 жаста, дзюдодан КСРО спорт шебері, дзюдодан Каспий маңы мемлекеттері универсиадасының чемпионы (2002), самбодан шеберлер арасында әлем чемпионы (2013), халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Мектепте олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен жеті топ жұмыс жасайды. Жыл басынан бері жетістікке жеткен спортшылар мыналар:

Қазақ күресі: Дулат Қабдығали ақпанда Қызылордада өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатында «алтын» иеленді, Анель Сүлейменова мен Файза Әділбаева маусымда Аягөзде ҚР чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

Таеквондо: сәуірде Сағадат Жолдасбаев Қытайдың Тайпейінде өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында қола медаль иеленді. Жақында Қызылордада ҚР Жазғы спартакиадасы өтті. Сол жерде Сағадат, Үмбет Шакиев, Динара Ұзақбаева және облыс құрамасының жаңа мүшесі, Түркиядан келген қазақ қызы Жансель Дениз алтын медаль, Амантұр Табылдиев қола жүлде алды.

Image 0Қанат Сейілхан Дзюдо: осы спорт түрінен олимпиадалық жолдамаға жалғыз үміткеріміз Асхат Тельманов шілдеде Тюменьде өткен Үлкен Дулыға сериясы халықаралық турнирінде «қолаға» қол жеткізіп, әлемдік рангілер табелінде 31-орынға көтерілді. Естеріңізге салсақ, Рио Олимпиадасына әр салмақта 23 дзюдошы барады және бір елден бір ғана спортшының баруға құқы бар. Ал Асхат өнер көрсететін 60 келіге дейінгі салмақта бәсекелестік жоғары. Мұнда Олимпиадаға бару үшін тараздық Елдос Сметов, ақтөбелік Рустам Ибраев және тағы басқалары күресіп жатыр. Қазір Асхат жақсы спорттық күйде. Жеңіске жетуі үшін барлық жағдайларды жасадық.

Мамыр айында Асхат Қарағандыда өткен ҚР Спартакиадасының қола жүлдегері атанды, Сұңғат Закарияев те осындай нәтиже көрсетті. Ал Назгүл Құбашева Спартакиада чемпионы атанып, тамыз айында Астанада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды. Осылайша, оның Олимпиадаға баруға септігін тигізетін рейтингін көтеруге үлкен мүмкіндігі бар. Қазір ол әлемдік рейтингте 57-орында.

Қанат Сейілхан ақпанда жастар арасында ел чемпионы атанды, Прагада өткен Еуропа кубогында үшінші орын алды. Ол Азия чемпионатына баратын негізгі үміткер болып табылады. Азия чемпионатына баруға, сондай-ақ, жастар арасында ҚР чемпионатының қола жүлдегері болған Эльмира Самиғоллаеваның да үлкен мүмкіндігі бар.

БІР САТЫ ЖОҒАРЫ

Бокс: ҚР спартакиадасында Рахман Әлжанов «алтын» алса, Азамат Досмағамбетов қола жүлдегер атанды.

Image 1Рахман Әлжанов Еркін күрес: ақпан айында Талдықорғанда Азамат Өміржанов ҚР чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазір ол халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетіп жүр және қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін әлем чемпионатына бару құқығына ие болуға жақсы мүмкіндігі бар. Сол жерде жеңіске жетсе, Олимпиада жолдамасы қалтасында болмақ. Сәттілік тілейміз. Палуандардың жас буыны өсіп келе жатыр, олардың бірі – биылғы жастар арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері Айдын Тәжіғали. Ол Азия мен әлем чемпионаттарына қатысуға үміткер.

Кикбоксинг: Көркем Кереева мамырда Тараз қаласында өткен ел чемпионатында чемпион атанды. Әсет Мейірлан мен Жанәділ Сәлімгереев Семейде маусым айында өткен ересектер арасында ҚР чемпионатында «қолаға» қол жеткізді. Жақында кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы Абзал Дүсіпов пен А. Мейірлан Үндістанның Пуна қаласында өтетін Азия чемпионатына кетті.

Грек-рим күресі: беделді турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары Дамир Күзембаев пен Илья Насточенко жарыстарға дайындалып жатыр.

ЖСШМ ашылуының арқасында спортшыларымыздың нәтижелері біраз жақсарды. Егер 2011 жылы өткен ҚР Спартакиадасында бокстан облыс құрамасы соңғы 16-орын алса, биылғы додада 3-орынға көтерілді, дзюдодан 13-орыннан 6-орынға, грек-рим күресінен 16-дан 6-орынға, еркін күрестен 13-тен 9-орынға, таеквондодан 7-ден 3-орынға көтерілді.

- Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

- ЖСШМ-нің өз спорт залы мен құрал-саймандары жоқ. Спортшылар түрлі БЖСМ-дерде жаттығу жасап жүр. Біз облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасына қандай материалдық-техникалық база керектігі туралы ұсыныс жаздық. Егер шәкірттеріміздің барлығы бір жерде жаттықса, нәтижелері бұдан да жақсы болар еді.

Біз топтардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ауыр атлетика, байдарка мен каноэде есу, самбо секцияларының болашағы бар спортшыларын өзімізге тартқымыз келеді. Ереже бойынша бір топта 17 жастан асқан алты спортшыдан кем болмауы және жартысынан көбі ҚР спорт шебері болуы қажет. Сондықтан да бізге келу үшін ауыр емтиханнан өту керек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ



6 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.