Атырау, 7 қазан 05:28
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Оқиғалар тізбегі

2 921 просмотра

Image 0

Полицияға 28 және 30 жастағы екі ер адамнан шағым түсті. Олардың айтуынша, 29 шілдеде сағат 20.00-де Молдағалиев көшесінің бойындағы мейрамхана жанында оларды ер адам тонап кеткен. Бірінші жағдайда 83 мың теңге, екіншісінде 23 мың теңге тонаушының олжасына айналған. Зардап шегушілердің суреттеуі бойынша 44 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Заттай айғақтар алынды.

***

55 жастағы қала тұрғынынан шағым түсті: Авангардта орналасқан кеңседе үстел үстінде жатқан сөмкеден 60 мың теңге ұрланған. Зардап шегуші 24 жастағы әріптесінен күдіктеніп отыр. Қылмыстық іс қозғалды.

***

Томарлы маңындағы зираттан 30 шілдеде әлдебіреу кірпіштер мен құмды тиеп алып кеткен. Зиян сомасы 68 мың теңгені құрады. Ұрлық жасады деген күдікпен 32 жастағы үш ер адам ұсталды. Оның екеуі Батыс Қазақстан облысынан келгендер.

***

Шілденің 30-да тал түсте Авангард маңында су полициясының қызметкерлері «Приора» көлігін тоқтатты. Оның жүксалғышынан 96 келі сазан табылды. Балық 60 жастағы жүргізушіге тиесілі болып шықты. Тексеру жүргізілуде.

***

Индербор поселкесінде 30 шілдеде полиция отбасылық жанжалға қатысты түскен телефон қоңырауы бойынша шақыртуға барған. Полицейлер өзін озбыр ұстаған отағасының қолын бұраған кезде оның шалбарының қалтасынан марихуанаға ұқсас 15 грамм зат тапқан. Сараптама тағайындалды.

***

Тамыздың 3-де түн қараңғылығында Махамбет көшесінің бойындағы дүкен терезесінен түскен 15 жастағы жасөспірімнің не ойлағаны түсініксіз. Ол ештеңе ұрламай, тауарларды дүкен ішіне шашып тастаған. Жасөспірім ұсталды.

***

Привокзальный тұрғыны пәтеріне жөндеу жүргізіп берем деп уәде берген Көкарна поселкесінің 30 жастағы тұрғынына 120 мың теңге берген. Бірақ жөндеу ақыры жүргізілмеген. Алаяққа іздеу жарияланды.

***

Бірнеше бағбандар құқыққорғау органдарына шағымданды. Олардың бақшаларынан бүкіл өнімді ұрлап кетіпті. 48 жастағы Алғабас саяжайшысы өз шаруашылығындағы шығынды 8 мың теңгеге бағалады, бірақ моральдық зиян одан да көп еді. Атырау селосының тұрғындары да зардап шекті. Ол жерде бірнеше үй-жай тер төгіп өсірген көкөністері мен жемістерінен айырылған.

***

Атырау – Қарабатан тас жолында Тәжікстан азаматы мен Орал жүргізушісінің қатысуымен орын алған шағын жол-көлік оқиғасы салдарынан екіншісі жүгенсіздігі үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 42 жастағы оралдық жүргізуші зиянды ресми бағалаусыз, соғылған машинаға бағаны өзі белгілеген. 31 жастағы шетелдік оған көнбей, құқыққорғау органдарына шағымданды.

***

Түнде 33 жастағы ер адам өзінің бұрынғы әйелінің пәтеріне кірген. Туындаған жанжалдың соңы төбелеске ұласып, 24 жастағы әйел дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды, бұрынғы күйеуі ұсталды.'

***

Тамыздың 2-де таңертең ертемен Ганюшкин поселкесінің мас тұрғынын Құрманғазы АІІБ-нің бірнеше қызметкері жуасытпақ болады. Ол айықтырғышқа апармақ болмақ әрекетке күшті қарсылық көрсеткен. Полицейлерге оны көлікке мінгізудің сәті түседі, алайда ол жерде де бұзақы тыныштық таппай, алдыңғы әйнекті сындырған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

***

Мирас ықшамауданының 37 жастағы тұрғынының үй ауласынан асыл тұқымды күшік ұрланып кеткен. Тергеу жүргізілуде.

***

«Дина» базарында 32 жастағы ақтөбелік әйел Бірлік поселкесінің 35 жастағы ашықауыз тұрғынының сөмкесінен 178 мың теңгені ұрлап алған. Ұры «ізін суытпай» ұсталды.

6 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.