Қазақстандық «Артектің» аналогы - республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы өз филиалдарын еліміздің бүкіл өңірінде, соның ішінде Атырау облысында ашпақшы.
Бұл туралы «Балдәурен» РОСО РМКК бас директоры Мұхитдин ТӨЛЕПБАЙ Бурабай курорт аймағы аумағындағы жазғы лагерьдің кезекті маусымының жабылу салтанатында мәлімдеді. Салтанатқа NCOC басқарушы директоры Стефан де МАЙЕНІҢ басшылығымен консорциум өкілдері қатысты. Консорциум Атырау және Маңғыстау облыстарының аз қамтылған отбасылары мен балалар үйінің балаларына «Балдәурен» жазғы лагеріне жолдама ұсынған еді. 20 шілде мен 4 тамыз аралығында Бурабайда Атыраудан 90 бала демалды. Стефан де Майе курорт аймағына зайыбымен арнайы барып, балалар демалатын жағдаймен танысты.
NCOC он жылдан бері әлеуметтік осал топтардың балаларын еліміздің үздік балалар лагеріне жазғы демалысқа жібереді. 2006 жылдан бері консорциум екі мыңдай балаға жолдама ұсынды. Өткен жылдары балалар Алматыға жақын маңда Іле Алатауының тау бөктерінде демалды. Биыл олар үшін жаңа бағыт – Шортанды көлінің жағасында орналасқан «Балдәурен» лагері таңдалды. «Балдәурен» балаларды жыл бойына қабылдайды. Бұл жерде балалар тек демалып қана қоймай, емдік және сауықтыру процедураларын қабылдайды, үлкен бассейнде жүзіп, оқи алады.
М.Төлепбайдың айтуынша, «Балдәурен» орталығының филиалдарды ашу тәжірибесі бар. Оның басқаруымен Маңғыстау облысының Кендірлі демалыс аймағында үш жылдан бері лагерь жұмыс істеп келеді.
– Егер Атырауда қандай да болмасын лагерь бар болса, біз оны басқаруымызға алуға әзірміз. Мемлекеттік органдармен және жеке бизнеспен ынтымақтаса жұмыс істеуге дайынбыз. Филиалдарды ашу туралы ұсынысты біз үкімет деңгейінде айтқан едік, - деп атап өтті Мұхитдин Төлепбай.
Стефан де Майе қызығушы-лықпен тыңдады, алайда біздің ауамызды Бурабайдың шипалы климатымен салыстыруға еш келмейді деп есептеді. Бұдан басқа, сапарға шыққан кезде балалар жаңа жерлерді танып біліп, көптеген позитивті әсер алады.
– Каникулдар каникул болуы тиіс! – деп түйіндеді Стефан де Майе.
Зульфия ИСКАЛИЕВА