Атырау, 28 қараша 20:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Маршрут дауы

2 983 просмотра


3 тамыз күні таңертең №57 маршрут (Зарослый саяжай ауылы – «Дина» базары) жүргізушілері жұмысқа шықпады. Он бестен аса «Газель» автокөлігі қалалық прокуратура ғимаратының алдына тізіле сап түзеп, маршрут жолынан «бесті» алып тастауды талап етті. Анықтағанымыздай, №5 маршрут жолға бүгін ғана қосылған екен, алайда наразылық білдіргендердің көңіл күйінен талаптардың көптен жинақталып жүргені сезіліп тұрды.

«ҰЛЫМДЫ ҰРЫП КЕТТІ, БІРАҚ МЕН КЕШІРІМ БЕРДІМ»

- Біз бір себеп бойынша ғана жиналдық: біздің, №57 маршруттың жолы «Дина» базарынан басталып, Дамбы жақтағы Зарослый ауылына дейін жетеді. Біздің маршрутымыз бойынша саяжайға адамдар сирек барады, әрқайсысының өз көліктері бар. Ал «Динадан» Балықшыға дейін бізбен бірге №5 маршрут жұмыс жасайды. Олардың көліктері аялдамаларда ұзақ тұрып, кестені бұзады, арамызда жанжалдар, дау туындайды, бір-бірімізді қуамыз да жүреміз. Біз бұған дейін де шағымданғанбыз, бірақ құлақ асқан ешкім болған жоқ. Олардың қалай жұмыс жасайтындарын біз көріп отырсақ та, үш күн өткен рейдте ешкімге шара қолданылмады. Біз №5 маршрутты біздің жолымыздан алып тастағанын қалаймыз, бұл желіде №2, 12, 51, 8, 50, 6 сияқты онсыз да көп автобустар жүреді. Олар бастапқыда бекітілген өз жолдарымен жүрсін. Біз де адамбыз, біздің де отбасымыз, балаларымыз, несиелеріміз бар. ТКШ бөліміне бірнеше рет бардық, түк нәтиже жоқ, прокуратураға хабарласуымызға тура келіп отыр, - деп наразылықтарын білдірді №57 маршрут қызметкерлері.

Қалалық прокуратура алдына келушілерді тыңдау үшін әлеуметтік-коммерциялық саладағы заңдылықтарды қадағалау жөніндегі бөлімнің басшысы Айбек ҚАНАТБЕКОВ шықты. Ол жиналғандардан арыз жазуды өтінді.

- Құр әңгімемен ештеңе шешілмейді, 2-3 адам қалып, арыз жазыңыздар, біз тексеру жүргіземіз, - деді ол.

Кейін анықтағанымыздай, сол күні сағат 15.00-де наразылық білдірушілерге қалалық ТКШ бөлімінде көлік, энергетика және байланыс секторының басшысы Қуаныш ИБРАГИМОВПЕН кездесу белгіленді. Жиналғандардың бұл басшыға қатысты да наздары көп екен.

Түстен кейін ТКШ-нің ыстық дәлізіне №57 маршруттың жүргізушілері және кассирлерімен бірге «бестің» бұрынғы қозғалыс сызбасын қалпына келтіруді қалайтын бірнеше қала тұрғыны жиналыпты. Бұл маршрут Құрсай – Мирный – Нарсуд – Махамбет көшесі – Вокзал – СМП-163 – Қара депо – Химпосёлок арасында жүреді екен.

Раиса АРТЕМЬЕВА, Химпоселок тұрғыны:

- «Жеті» де, «бес» те мүлдем жүрмейді. Мен зейнеткермін, Химпоселокта тұрамын, Стройконтораға дейін жаяу келемін. Қыркүйек те болып қалды, балалар сабаққа қалай барады? Неге «бес» жүрмейді, бастапқы сызба - Мирный арқылы жүрсін. ТКШ-ге қанша арыз жаздым, кейін шешеміз деген баяғы бір әңгіме.

Оралгүл ИСМҰХАНОВА, Қара депоның тұрғыны:

- Біз бесінші маршрутты көрмейміз, бұрын Қара депо арқылы өтетін, көпірді алып тастағаннан бері жүруді мүлдем қойды. Жұмысқа әрең барамыз, күн сайын таксиге 500-700 теңгеміз кетеді, алда балшық, қыс келеді. Былтыр қыркүйекте тұрғындардың атынан өтініш жазғанмын, «Нұр Отанға» хабарластым, түк нәтиже жоқ.

ДАУ ШЕШІМІН ТАПТЫ МА?

Сағат төртке қарай көлік бөлімінің басшысы Қ. Ибрагимов келді. Жиналғандардың талаптарын естіп-біліп келе жатқанға ұқсайды. Оның айтуынша, «бесінші» маршрут «Наурызбеков» ЖК-ға тиесілі, тендерді 2014 жылдың мамырында ұтып алған. «Бес» маршрутының өзгеруіне қатысты Ибрагимов былай деді:

- «Нұр Отанға» Құрсай ауылының тұрғындарынан өтініш келіп түсті, қарт адамдар, зейнеткерлер келіп, тұрғындарға базарға дейін баратын ыңғайлы маршрут керектігін айтып, жолды «Динаға» дейін жеткізуді сұрады. Кейін бізді «Нұр Отанға» шақырды, сол жерде мен «бес» Дина қақпасынан 10 метр жердегі Сатыбалдиев көшесімен жүретінін түсіндірдім. Олар «халықтың қалауы сол, «бес» базарға кіруі керек» деді. Соған келістік. Күні кеше ғана сызбаны өзгерттік. Бүгіннен бастап қана №5 маршрут «Дина» базарына кіре бастады. Енді сіздер маршрутты тоқтатып, «бес» базарға кірмесін деп талап қоясыздар. Қалауларыңыз бойынша оны да өзгертеміз, бүгіннен бастап №5 маршрут «Динаға» кірмейтін болады.

Ибрагимовтың айтуынша, сәрсенбіден бастап «бес» бұрын бекітілген маршрут – Құрсай – Сол жақ Перетаска – «Дина» базары (ішке кірмейді), әрі қарай Қара депо, Химпоселок және соңғы аялдама Химзавод арқылы жүреді. №5 маршрут жолында барлығы 4-5 «Газель» жұмыс жасайды.

Осымен даудың шешімі табылған сияқты. Алайда жүргізушілердің даурығуынан біраз наразылықтар мен талаптар жиналып қалғаны көрініп тұрды: олар бір-бірін gps-ті өз беттерінше сөндіретінін, бір-бірін басып озатынын, тіпті, төбелесуге дейін баратындықтарын айтып жатты. Бұл туралы жиналыста өзін №5 маршрут жүргізушілерінің бірінің анасымын деп таныстырған әйел әңгімелеп берді:

- Менің ұлымды №57 маршрут жүргізушілері ұрып, мен прокуратураға шағымдандым. Бұл жанжал Ораза айында болғандықтан мен оларды кешірдім...

Осы жерде №57 маршруттың әйелдері кері уәж айтысты.

- Егер көшеде төбелес шығаратын болсаңдар, маршруттан кетесіңдер, «Газель» жүргізушілері бір-бірінің жағасынан алатын заман кетті, - деп дауды тоқтатты Ибрагимов.

- Егер нақты бір жүргізушіге талаптарыңыз болса, ұжым болып шағым жазыңыздар, тексереміз. Маршрутта тәртіп болуы керек.

Ибрагимовтың айтуынша, қазір барлық 250 автобус gps жүйесіне қосылған.

- Жүргізушілер өз беттерінше айырып тастап жүр. Біз қазір ақпарат жинап жатырмыз, диспетчерлік қызмет жаңа ашылып жатыр, gps-ті бір ай жарым бұрын ғана қондырдық, - деді ол.

- Маршруттардың жұмысына қатысты сізге қанша шағым арыздар келіп түседі?

- 2015 жылдың екі тоқсанында 70-ке жуық арыз түсті. Негізінен қала сыртындағы маршруттарға шағымданады, орталықтағылар қалыпты жұмыс жасап жатыр. Тасымалдаушыларға хат жазамыз, ал өрескел бұзушылықтары үшін жолдан алып тастаймыз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

4 тамыз 2015, 12:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.