Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз конференциясында Атырау облысының прокуратурасы алғашқы жарты жылдық есебін берді.
Жыл басынан бері прокуратура органдарына жеке және заңды тұлғалардан үш мыңнан аса шағым келіп түсті. Көбі еңбек, тұрғын үй және жер заңнамаларына қатысты болды.
Қадағалау актілерімен «Каспий балық» ШҚ, «Соут-Вест Групп Корпорейшн» ЖШС, «Гюрал ойл» ЖШС-тің 360 қызметкерінің 80,5 млн теңге сомада жалақылары бойынша қарыздары қайтарылды.
Соттар прокуратураның жалған кәсіпорындардың тіркелуін заңсыз деп тану туралы 14 талап-арызын қанағаттандырды. Мәселен, сот шешімімен «Марабаева Т» ЖК, «Жаңабыл» ЖШС, «Шылақ-Элитсервис» ЖШС және «Ромеда – Стройпроект» ЖШС-терінің қызметі тоқтатылды. Олар өз контрагенттерінің 380 млн теңге көлемінде салықтарын төлеуден жалтарған.
Тұтынушылардың құқығын қорғауға қатысты істерге келсек, «Атырау Жарық» АҚ, «Жылыой Газ» ЖШС және «Жылыой Су» ЖШС өздерінің желісіне қосуға техникалық шарттар беру кезінде заңда қарастырылмаған құжаттар әкелуді талап еткен. Мысалы, барлық коммуникациялар мен құрылыстар көрінетін 1:500 масштабты топонимикалық түсірілім сұратқан, ал бұл кәсіпкерлердің қосымша шығындануына әкеліп соқтырды. Енді бұл құжаттар қажетті құжаттар тізімінен алынып тасталды.
Облыс прокуратурасының басқарма бастығының м.а. Темірбек ДӘРЖАНОВ хабарлағандай, прокуратура құқық қорғау органдарымен бірігіп, облыстың үш тұрғынын Сириядағы қарулы қақтығысқа қатысуға кетіп бара жатқан жерінен ұстады. Осы азаматтарға қатысты ҚР ҚК-нің 24-бабы («Қылмысқа дайындалу»), 172-бап («Шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу»), 256-бап («Терроризмді насихаттау») және 259-бап («Экстремистік әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру») бойынша тергеу жүріп жатыр.
Жыл басынан бері Сирия мен Украина аумағындағы қарулы қақтығыстарға ҚР азаматтарының қатысуы (23 факті), терроризмді насихаттау (9), террористік топ құру (1), экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамды азғырып көндіру (1), террористік топтарға қаржылай көмектесу (5) сияқты діни экстремизм мен терроризмге байланысты барлығы 39 қылмыс анықталды. Сонымен қатар, 4 рұқсат етілмеген жерде діни әдебиеттерді сату фактісі анықталды, олар бойынша әкімшілік іс қозғалып, кінәлілерге 50 АЕК айыппұл салынды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА