Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінде өткен жиналыста Атырау облысы жылу және электр желілері бойынша жоспарланған жөндеу жұмыстары көлемі аз өңірлердің қатарында аталып өтті. Біз осы жағдайға түсінік беру үшін «Атырау жылу электр орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали ҚАРШЫГЕНОВКЕ хабарласқан едік.
Бізге жазбаша келген жауаптың мазмұны: «Қазандық агрегаттарына, турбоагрегаттарға және турбогенераторларға күрделі жөндеу жүргізу Электр станцияларының жабдықтарына, ғимараттары мен құрылғыларына, жылу электр желілеріне техникалық зерттеу және жөндеу жұмыстарын жүргізу нұсқаулығына сәйкес төрт жылда бір рет жүргізіледі.
Атырау ЖЭО-да әр энергия қондырғысында тұрақты және кезеңдік бақылау (тексеру және техникалық куәлік беру) ұйымдастырылған. Осылардың негізінде кәсіпорын инженерлері жөндеу көлемдерін анықтайды. Үстіміздегі жылы келесі негізгі жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған: №5, 8, 12 станциялық қазандық агрегаттары, №3, 7, 10 станциялық турбоагрегаттар. 28 шілде күнгі жағдайда №5, 12 қазандық агрегаттарын және №7 турбоагрегаттарды күрделі жөндеу аяқталды. Негізгі және қосалқы жабдықтарды күрделі жөндеу көлемі бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті және “КЕГОК" АҚ жүйелік операторының Ұлттық диспетчерлік орталығынан ескертулер болмады.
Келесі бағыттар бойынша белгілі бір келіспеушіліктер бар – қуат қондырғысын жөндеуге шығарып, ашқанда қосымша жұмыс көлемдері анықталады және бұл жөндеу мерзімдерін арттыруға әкеліп соғады.
ЖЭО басшылығының жабдықтарды, негізінен турбоагрегаттарды жөндеу мерзімдерін арттыру тұтынушылар алдындағы міндеттемелерімізді орындауға әсер етпейді деген кепілдіктеріне қарамастан Комитет пен Ұлттық диспетчерлік орталықтың ұстанымы өзгермей отыр: олар кәсіпорынның кестеде көрсетілген алғашқы жөндеу мерзімдерін сөзсіз орындауды талап етіп отыр.
Атырау ЖЭО тарапынан тұтынушылар алдындағы міндеттемелерді орындамаған бір де бір оқиға болмағанын баса айтқым келеді».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ