Бұл оқиға Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылында Сұрхан (Кобяково) өзенінде орын алған.
Әйел жол қысқартпақшы болып, өзеннен жүзіп өткісі келген. Алайда, өзен ортасына келгенде әрі қарай жүзуге әлі жетпей, суға батып бара жатқанын сезген соң, адамдарды көмекке шақырады. Оның айқайын суға шомылып жүрген екі бала естіп, оған көмекке жүгірген. Бастарын қатерге тіккен екі жасөспірім оны әрең дегенде жағаға алып шықты.
- Балалар ерлік жасады, олар өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан адамның өмірін құтқарды. Олардың біреуі жергілікті, Еңбекші орта мектебінің 6-сынып оқушысы Ермахан МАДИРОВ, екіншісі Ганюшкино поселкесінен, М.Әуезов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Бейбарыс ҚАЙРОЛЛАҰЛЫ, - дейді Еңбекші ауылдық округінің бас маманы Базарбай НҰРМҰХАМБЕТОВ. – Біз әкімдіктен оларға салтанатты түрде алғыс білдіріп, сый-сияпат жасауды жоспарлап отырмыз. Ал қазір олар каникулда және басқа қалаға демалуға кеткен.
Ал логикаға салсақ, ТЖД балаларды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттауға ұсынса да болар еді. Бұл медальмен ереже бойынша «суға кеткендерді құтқарған, адамды өрттен аман алып қалған, дүлей апаттар кезінде адамдарға жәрдем көрсеткен, сондай-ақ қылмысқа қарсы күресте ержүректілік пен жанқиярлық көрсеткен азаматтар» марапатталады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА