Атырау, 28 қараша 20:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Балалар Жайыққа болашақ бекірелерді жіберді

1 762 просмотра

Image 016 маусымда Жайық өзенінің «Атырау» шипажайы тұсындағы жағалауында «Каспий бекіресінің болашағы сенің қолыңда!» атты акция өтті.

Акцияға көптеген адамдар қатысты. Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының қызметкерлері өздері өсірген бекіре, қортпа және шоқыр шабақтарын, әр жастағы бекіре тұқымдастардың түрлерін көрсетті.

Бір қызықты жайт, зауыт 1985 жылы Оренбург гелий зауытының Жайыққа зиянды заттар тастағанының өтеуі ретінде бөлген қаржыға салына бастаған. Құрылыс ұзаққа созылып, қуаты жылына 3,5 млн шабақ шығаратын кәсіпорын қолданысқа тек 1998 жылы ғана енгізілді.

Зауыттағы балық өсіру ісінің бас маманы Майра ЗҰЛҚАШЕВА хабарлағандай, осы жылдағы алғашқы шабақтарды жіберу 1 шілдеде жүзеге асырылған. Теңізге 1,9 млн дана жіберілген.

Өткен қыста зауытта бірінші рет қортпа қыстап шықты. Оны күзде ұстаған болатын. Балықтың жайлы қыстап шығуына жағдайлар жасау үшін 2,5 метр тереңдікте айдын қазып, мұзды ойып, арнайы компрессорлардың көмегімен мұз астындағы оттегінің қажетті деңгейін ұстап тұрды. Көктемде уылдырығын алып, ихтиологтар оны еркіндікке жіберді. Қазір зауытта тұрақты түрде жыныстық жетілген бекіре, қортпа және шоқырлар мекен етуде. Өткен көктемде облыстың екі бекіре зауыты да уылдырықты қортпа ұстай алмады.

Акцияның соңында шабақтар суға жіберілді. Дамбыдағы Фариза Оңғарсынова атындағы мектептің оқушылары, «Жасыл ел» жастар еңбек отрядының студенттері Жайыққа бірнеше мың бекіре тұқымдастар шабағын жіберді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

23 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.