Атырау, 28 қараша 20:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Аудан көлеміндегі мәселелер

8 572 просмотра

Image 0Исатай ауданы Аққыстау ауылына кезекті іссапарымыз барысында аудан әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВКЕ жолықтық. Оның айтуынша, бүгінде ауданда ауыз су мәселесі «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында шешімін тапқан. Керісінше, суармалы судың тапшылығы байқалады. Аптап ыстықта шабындық жердің басым бөлігі күнге күйіп кетті.

БӘРІ ҚУРАП ЖАТЫР

Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша Аққыстау ауылын көгалдандыру жұмыстарына биыл 1 млн 150 мың теңге бөлінген. Бұл сомаға баннер жасау, лайтбокстың бетін безендіру жұмысы кіреді. 100 мың теңгеге 40 қапшық топырақ, 150 мың теңгеге 1 000 дана гүл көшеті, 75 мың теңгеге 300 түп ағашы сатып алынып отырғызылған. Алайда, осыған қарамастан Аққыстауды жасыл желекке оранған деп айта алмайсың, бәрі қурап жатыр.

Аққыстау селолық округі әкімінің міндетін атқарушы Мақпуз ХИСМИТУЛЛИННІҢ айтуынша, аудандық жұмыспен қамту орталығынан көгалдандыру ісіне төрт адам тартылған. Солардың бірі - Бауыржан ТӨЛЕПОВ (суретте).

- Жыл сайын жас талдар егіледі, бірақ оның көбі жерге бейімделместен өліп қалады. Бұл жүйелі суарылмауынан, сондай-ақ, қоршауды бұзып кірген қой-ешкі талдың жапырақтарын жеп кетеді, - дейді Б.Төлепов.

Ауылда жалғыз талдар ғана қурап жатқан жоқ, гүлдер егетін алаңқай мен гүлзарлар да қурап тұр (суретте).

Сондай-ақ, жасыл желекті күтімге алу үшін поселкеде «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша жастар тобы құрылған болатын. Олар қазір қаптап өсіп кеткен арамшөптерді ору ісімен айналысуда (суретте).

Image 2Аудан әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ көгалдандыру ісінің ақсап тұрғанын топырақтың сортаңдығымен байланыстырды.

- Бұл өңірдің топырағы сортаң, сондықтан тал өсіру оңай емес. Ащы сорға тамыры жеткеннен кейін талдар мен гүлдер бірден өліп қалады. Бұл осылай талай жылдан бері қайталанып келе жатыр, - дейді М.Өтеғалиев.

Алайда, ауыл тұрғыны Гүлнара ЕМБЕРГЕНОВА ауылды жасыл желектендіру мүмкін емес деген пікірмен мүлде келіспейді. Ол көп жылдан бері гүл өсірумен айналысып келеді. Бұл үшін жер телімін 30 см шамасына дейін биіктетіп, сол жерге гүл егіп, суарып тұрды (суретте).

- Бұл ауылдың топырағының түгі жоқ, не ексең сол өседі. Мен оны дәлелдей алдым, - дейді Гүлнара Ембергенова. - Бұдан бірер жыл бұрын мені жергілікті әкімдікке шақырып алып, гүл егуге тапсырма берді. Гүл жайқалып өсіп шықты. Ал биыл орталықтағы гүлдердің бәрі жұтап тұр.

ЖОЛДАР, ЖОЛДАР...

Ауыл бойынша 40-тан астам көше болса, барлығы 35,7 км автокөлік жолдары бар. 11 шақырымы қатты табанды жолмен қамтамасыз етілген. Оның 6 шақырымы ғана жарамды, ал қалған 5 км бес жылдан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген.

- Жаңбырдан соң ауыл іші балшық болып жатады. Сондықтан қысқа дейін резеңке етікті шешпей жүргенің, - дейді ауыл тұрғындары.

Елорда көшесі, Қаратүбек ықшам ауданында да осы жағдай.

Image 1Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, ауылда жол салу үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде 7 км, екінші кезеңде 8,5 км, ал үшінші кезеңде 9,2 км жол салынады деп жоспарлануда. Биыл бірінші кезеңнің жұмысы басталып кеткен. Бұған бюджеттен 687 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме «Атырауинжстрой» ЖШС желтоқсанға дейін жұмысты бітіруді көздеуде. Келесі кезеңнің жұмыстарының қолға алынуы қаржыландыруға байланысты болмақ.

ЕГІН АЗ, ШӨП ҚЫМБАТ

Аудан бойынша 1 млн 470 мың гектар жер қоры бар. Исатай ауданында егіншілікпен айналысуға құлшыныс білдіретіндер аз. Суару мәселесіне байланысты тұзды, сортаң, құнарсыз жерде егін егуден бас тартып жататындар көп. Көкөніс пен бау-бақша дақылдары басқа ауданға қарағанда қымбат болуының себебі осында жатыр. Биыл аудан бойынша 4,6 гектарға 4 егінші түрлі дақылдар егіпті. Бірақ одан алынатын өнім шамалы болатынын егіншілер жасырып отырған жоқ.

- Нартәуекелмен биыл егін еккенбіз. Биыл 300 гектар жерге жылыжай да салдық. Көп болмаса да өнім алдық. Жолдасым екеуміз бұл саланы бағындыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - дейді Айгүл КИСИМОВА.

Ауданда жемшөп дайындау жыл сайын шаруаларға оңайға түспейді. Биыл аудан бойынша 68 482 тонна жемшөп қажет болса, оның 30 817 тоннасы, яғни 45 пайызы аудан көлемінен, ал 37 665 тоннасы, яғни 55 пайызы көршілес Құрманғазы, Махамбет аудандарынан дайындалады деп жоспарлануда. Қазір 250 киллограм пішеннің бір орамы 4,5-5 мың теңгеге бағаланып отыр. Ал мұндай қымбат шөпті сатып алуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Сол себепті жергілікті мұнай компаниялары аз қамтылған отбасыларға 60 тонна пішенді сатып алып беретініне уәде беріп отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.