Алматы. 17 шілде. ҚазТАГ – Үндістанның шығысындағы Ассам штатында күшті тасқын себебінен 200 мыңнан астам адам баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл туралы Ассамның стихиялық апатпен күрес басқармасының жариялаған баяндамасында айтылады.
«Штат аумағында соңғы сегіз күн бойына толассыз жауған нөсер жауын нәтижесінде штаттың 14 округында 533 ауылды су басып қалды. Ең зардап шеккен округтар Дхемаджи, Лакхимпур және Сонтипур болып тұр. Ондағы елді мекендерде су деңгейі 1,5 метрге жетті», - деп айтқан Ассам штатының су ресурстары министрі Басанта Дастың сөзіне ТАСС сілтеме жасапты.
Арнасынан асқан Брахмапутра өзені жағалаудағы бөгеттерді бұзып, еш кедергісіз төменгі жақтағы облыстарда орасан зор аумақтарды су басып, басқа да шағындау өзендермен ұштасып жатыр. Су астында 8245 гектар ауыл шаруашылығы жерлері, ірі автомагистральдар қалды, жалпы ұзындығы 15 км болатын бірнеше жерде темір жол төсеніштерін су шайып кетті. Қазірдің өзінде келген шығынды экономистер $700 мың деп бағалап отыр.
Мемлекеттік метеорология департаментінің болжамынша, алдағы күндері Ассамда нөсер жауын жалғасады. Құтқару командалары мен апат салдарын жою қызметтері жоғарғы дайындыққа келтірілді. Эвакуацияланған халық штат басшылығы ұйымдастырған уақытша лагерлерге орналастырылды.
Дереккөз: ҚазТАГ