16 шілде күні Атырау қаласына Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат АЙТУҒАНОВ жұмыс сапармен келді.
Облыстық әкімдікте болған кәсіподақ қайраткерлерінің жиналысында ол өзге де мәселелермен қатар қәсіподақтардың қаржылық жағдайлары туралы әңгімелеп өтті:
- Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, кәсіподақтардың барлық мүліктері, соның ішінде мүшелік жарналар олардың ажырамас мүліктері болып табылатынына назар аудару қажет деп есептеймін. Кәсіподақ мүшелері бізге үлкен қаржылық құралдарын бере отырып, оларды қолдануда үлкен жауапкершілік жүктейтінін ұмытпаған жөн. Кәсіподақтарда ақша бар, аз емес, миллиардтаған сомамен есептеледі, - деп мәлімдеді Қ. Айтуғанов. – Қазір біз қаржылық сауықтыру жүргізіп жатырмыз. Мен осы лауазымда жарты жылдан бері жұмыс жасаймын, алайда мұндай жағдайды еш жерден көрген емеспін... Келеңсіз жағдай! Келесі жарты жылда біз мұны түзейміз деп ойлаймын («Келеңсіз жағдай» туралы баяндамашы ашық айта қоймады – М.С.).
Айтуғанов Кәсіподақтар федерациясының активтері бар екенін айтады. Кәсіподақтардың меншігінде тоғыз шипажай, демалыс үйі, демалыс базалары, қонақ үй кешендері, алты ЖШС сияқты 36 шаруашылық субъектісі бар. Соңғы жылдары Федерация шипажайларды жетілдіруге 645 млн теңге инвестициялаған, бұл демалушылар үшін жаңа 238 орын ашуға мүмкіндік берді. Мейрамханалар мен қонақ үйлердің холлдарына, дәліздеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, Жамбыл облысындағы «Мерке» шипажайында ДСК, асхана, екі галерея, сыйымдылығы 220 тонна жеміс-жидек қоймасы, Алматы облысында 70 орындық жаңа шипажай-пансионат салынды. Бес шипажайда қызмет көрсетудің жоғары стандарттары енгізілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор