ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің тәртіптік кеңесі Атырау қаласының әкіміне қарамағындағы екі адамды жауапкершілікке тартуды ұсынды.
Департаменттің баспасөз қызметінің хабарламасы бойынша, Тәртіптік кеңестің таяудағы отырысында Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Слемғали СМАҒҰЛОВҚА және осы бөлімнің сектор меңгерушісі Әділет ҚАЛИЕВҚА қатысты іс қаралды. Жер телімін алғысы келген кәсіпкер әйел шағымданыпты. Өткен жылдың желтоқсанынан бастап ҚР Жер кодексінің 48-бабына («Мемлекеттiк меншiктегi және пайдалануға ұсынылмаған жер телімдерін ұсыну немесе жер телімдерін жалдау құқықтары сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады») сілтеме жасап, жер беру тоқтатылғаны туралы қызметтік жазбаға сәйкес жер беруге тыйым салынған. Осылайша, бұл мәселені қызметшілердің шешуге мүмкіндіктері болмаған. Өйткені жерді тек сауда-саттықта ғана алуға болады. Бірақ бұл туралы өтініш берушіге хабарламаған. Әкімшілік істің материалдары бойынша, «аталмыш лауазымды тұлғалар оның жер телімдерін ұсыну жөніндегі өтінішіне толық жазбаша жауап бермей, осылайша ҚР мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі мен «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңның талаптарын бұзған».
Бір қызығы, тәртіптік кеңес «заңнама шеңберінде кәсіпкерге жер телімін ұсыну туралы мәселені шешуге» кеңес берген.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА