Жексенбі күні кешке Атырау мұнай және газ институтының алдындағы алаңда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті.
Бағдарлама аясында облыстық драма театр әртістері хандар рөлін шебер орындап, тарихқа қысқаша саяхат жасалды. «Ағатай» дәстүрлі садақ ату клубының мүшелерінің өнері көрермендердің қошеметіне ие болды. Ал ең қызықты сайыс облыстық бодибилдинг және фитнес федерациясы мен Wheels Brothers мото клубы ұйымдастырған «Күштік экстрим» спорт-шоуы болды.
Алып денелі он бір жігіт түрлі экзотикалық жаттығулар арқылы күш сынасты. Мысалы, «Фермердің серуені»: әр қайсысы 60 келі тартатын екі «чемоданмен» ұзақ жүру. Батырлар 270 келілік трактор тегіршегін аударып, тонна салмағы бар автокөлікті көтерді, ал соңында 8 тонналық Камазды сүйреді.
Жарыс қорытындысында Эдуард ҚАБДЕШЕВ үздік атанса, екінші орында Николай КУЧКИН, үшінші орын Дмитрий ЛИДІҢ қоржынында.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор