Атырау, 28 қараша 18:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Диқаншы Абат және Көктоғай қарбыздары

8 439 просмотра

Image 1Индер ауданы Көктоғай ауылында отыз жылдық өтілі бар диқаншы Абат ҚАМАШЕВ (суретте) тұрады. Соған қарай сары дала жолымен жүйткіп келеміз.

Абат Қамашевтың егіндік алқабы Көктоғайдан 15 шақырымдағы Ақсай каналының жанында орналасқан. Оның зейнеткерлік демалысқа шыққанына екі жыл болған, бірақ ол соған қарамастан сүйікті ісін тастап кету туралы ойланып та көрмепті. Бозала таңнан күн батқанша уақытын осы алқапта өткізеді.

- Адамдар «үйде отырмайсың ба, балалар өсті, үй болды, жұмыс істеп не қыласың?» деп сұрайды. Ал мен ештеңемен айналыспай үйде отыра алмаймын, - дейді А.Қамашев.

Image 0

Абат бала күнінен шаруа, диқаншы болуды армандады. Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін тәмамдады. Совхозда бригадир және агроном болып жұмыс істеді. 1997 жылы егіншілікті дамыту үшін өзінің «Көктерек» шаруа қожалығын құрды. Ол кезде ауданда егіншілер саусақпен санарлықтай еді, бәрі мал шаруашылығымен айналысатын. Бүгінде шаруа қожалығына жалға алынған 300 га егістік алқабы тиесілі. Жер сазды болғандықтан егістік жерді жыл сайын ауыстыруға тура келеді. Биыл 11 гектарға түрлі дәнді дақылдар, 2 гектарға картоп егілді, қалғанында бау-бақша дақылдары пісіп жатыр.

- Былтыр қауын, қарбызды бұдан 20 күн бұрын сатқанбыз. Бірақ, биыл мамыр айы салқын болды, - дейді А.Қамашев. – Біздер дақылдардың ерте пісуі үшін ешқандай химикаттар қолданбаймыз, оның табиғи пісуін күтеміз.

Абат Қамашевқа егіндік алқабында 15 күн вахталық жұмыстан оралғанда үлкен ұлы Ерлан көмектеседі. Жергілікті диқаншыларды жылда қинайтын проблема – жұмысшылардың жетіспеушілігі. Қамашевтар өздері тұратын Көктоғай ауылының тұрғындарын егіншілікке қанша рет жұмылдырғысы келгенімен ниет білдірушілер табылмады. Он шақты жыл болды, «Көктерек» шаруа қожалығының алқабында Қарақалпақстаннан келген жиырма шақты жұмысшы еңбек етіп келеді. Диқаншы Қамашев енді таяу арада тағы да бірнеше гектар жерді жалға алып, үлкен жылыжай салып, қысы-жазы егіншілікпен айналысуды көздеп отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.