Алматы. 14 шілде. ҚазТАГ – Тайландта аса ірі мөлшердегі жемқорлық үшін ел азаматтарына да және шет мемлекеттің азаматтарына да өлім жазасын енгізді, деп хабарлады ресейлік БАҚ-тар үкіметтің Royal Gazette басылымына сілтемелеп.
Тайландтың 1999 жылы қабылданған жемқорлықпен күрес туралы заңына осындай түзетулер енгізілді. Енді ел шенеуніктері, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымдардың шенеуніктері «қызмет бабында әрекет етуге немесе әрекет етпеуге айырбас түрінде активтерді немесе кез келген басқа игіліктерді жеке басы үшін немесе басқа адамның атынан талап еткен, қабылдаған, немесе қабылдауға келісім бергені үшін, осы әрекетінің немесе әрекеттенбеуінің заңды немесе заңсыз болғанына қарамай» 5-тен 20 жылға дейін түрмеге қамаумен және 100 мыңнан 400 мыңға дейінгі тайландық бат (шамамен $13 мың) айыппұлмен жазаланады, ал егер сол қылмыстар аса ірі мөлшерде қайталанатын болса, өмір бойына түрмеге отырғызылып немесе өлім жазасына кесіледі.
Егер пара алуға немесе беруге қатысты сол қылмыстарды қызметке кіріспей тұрып жасаса өмір бойына түрмеге қамау ең жоғарғы жаза ретінде қарастырылады.
Жемқорлықпен күрес туралы тайландық заң пәрмені мемлекеттік қызметтегі немесе саяси қызметтегі Тайланд азаматтарына, шетелдегі мемлекеттік қызметтегі шетел азаматтарына, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда қызметтегі Тайланд және шетел азаматтарына жүреді.
Заңға түзетулер 13 шілдеде күшіне енді.
Дереккөз: ҚазТАГ