Дойбы
Ақтөбеде дойбыдан ҚР чемпионаты өтті.
1995-96 ж.т. жастар арасындағы жарыстың «Рапид» номинациясында (партияның ұзақтығы – бір ойыншығы 7 минут беріледі) Жұмыскер ауылындағы И. Тайманұлы атындағы мектептің оқушысы Ерзат Кенжеғали күміс медаль ұтты.
Ерзаттың жаттықтырушысы Еркін Үсеновтың айтуынша, бала дойбымен үш жылдан бері шұғылданады екен, шеберлігі көз алдында өсіп келеді. Ол бірнеше дүркін облыс чемпионы, биылғы жылдың наурыз айында Таразда өткен оқушылар арасындағы ҚР чемпионатында 4-орын алған екен.
***
Суға секіру
Алматыда суға секіруден Қазақстан Спартакиадасы өтті.
Атырау облысы құрамасының сапында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Алексей Пригоров пен Еуропа чемпионы Антон Захаров өнер көрсетті. Олардың еншісінде алтын және қола жүлде бар. украиналық «легионерлер» Атырау қаласының су спорты түрлері спорттық клубының атынан жарысқа қосылды.
***
Су добы
Астанада 2002 ж.т. және одан кіші ер балалар арасында су добынан Қазақстан кубогы өтті.
Турнир финалында «Атырау» командасы алаң иелерін сенімді жеңіп, Кубокқа ие болды. Балаларды Ернұр Қойлиев пен Бағдат Дінбаев жаттықтырады.
***
Би
Атыраулық паралимпиадашылар Шымкентте өткен арбамен билеу бойынша командалық «Оңтүстік Қазақстан әкімінің кубогін» жеңіп алды.
Жарыс қарсаңында бишілер Руслан Айтпаев пен Қуаныш Тәжіков Астанада ҚР арбамен билеу бойынша бас бапкері Әлия Түсіпбекованың жетекшілігімен өткен оқу-жаттығу жиынына қатысып, сол жерде өз жұптары – Камила Алшынова мен Қарлығаш Тынабековамен танысты.
Атыраулық және астаналық спортшылардың жұбы өте жақсы өнер көрсетті және Анастасия Ильина (Өзбекстан), Андрей Холмогоров (Ресей) және Юлия Қадырова (Қазақстан) сияқты халықаралық дәрежедегі төрешілердің ең жоғарғы балдарына ие болды.
Қ. Тәжіков – К. Тыныбекова жұбы «Дуо Фристайл» бөлімінде, Р. Айтпаев – Қ. Алшынова жұбы «Комбо Фристайл» бөлімінде өнер көрсетіп, сәйкесінше «алтын» мен «күміс» алды.
***
Бокс
Балқашта КСРО спорт шеберлері А.Маканалин, Е.Нөкербеков және Ж.Татеновты еске алуға арналған 2000-01 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан 5-халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызия, Ресей, Тәжікстан елдерінен және Қазақстанның барлық облыстарынан 300-ге жуық спортшы қатысты. Атырау облысының құрамасы командалық есепте 2-орын алды. Нұрсат Зейнолла (48 келіге дейін) мен Абылайхан Бітімов (54 келіге дейін) «алтын» иеленді. Екеуі де 2-БЖСМ шәкірттері. Құлсарылық Манасбек Жалғасов қола медаль алды.
***
Қазақша күрес
Қызылордада Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған 2002 ж.т. және одан кіші ер балалар арасында қазақ күресінен қалааралық турнир өтті.
55 келіге дейін салмақта Бекзат Таяуғалиев күміс медаль иеленді. Айбол Равхатов (35 келіге дейін) пен Айдос Фанаров (55 келіден жоғары) «қолаға» ие болды. Балаларды 1-БЖСМ-де Рустам Еркебаев пен Қалжан Тайжанова жаттықтырады.
***
Алтыншысы артық
Қазақстан Футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті 24 маусымда ел чемпионатының 17-туры аясында өткен «Атырау» және «Жетісу» командалары арасындағы ойынның («Аутсайдерден жеңіліс тапты» мақаласын оқыңыз) нәтижесін жойды. Бұл туралы «Атырау» ФК баспасөз қызметі хабарлады.
Себебі – матчқа литвалық легионер Гедиминас ВИЧЮСТІҢ ережеден тыс қатысуы (алаңдағы команда құрамында легионерлер саны бестен аспауы керек, ал «Жетісуда» 6 шетелдік ойыншы болған – М.С.). Талдықорғандық командаға 0:3 есебімен жеңіліс жазылып, жарты миллион теңге айыппұл салынды. «Атырау» командасына 3:0 есебімен жеңіс жазылып, сәйкесінше 3 ұпай қосылды. Осылайша, қазір «Атыраудың» еншісінде 34 ұпай, ол турнир кестесінде 3-орынға көтерілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ