«Гитарамды алып, елеусіз бұрышта қалған, бауырыңа басып жылайсың әлі». Бұл қазақтың тұңғыш бард ақыны атанып кеткен Табылды Досымовтың «Өмірзая» әнінің жолдарынан.
Ақын өзінің осы әні арқылы тағдырын болжап кеткендей. Ол «Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам» деп әндетеді. Және бұл айтқаны 2010 жылдың 19 қазанында дәл келді. Бірақ, оның көңіл толқытар әндері ел есінде мәңгі қалды. Шілденің 15-і күні ол 50 жасқа толар еді...
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен Досымовты еске алу кешінде атақты жыраулардың ізін басқан ақын ретінде ғасырларға татитын артында мұра қалдырғандығы айтылды. Сондай-ақ, бұл кеште бардтың «Ұнатамын мен сені», «Махаббатты сезіну», «Биіктік», «Қыр баласы қол созады аспанға», «Кешіккенің қайткенің?», «Сәйгүлік», «Күнікей қыз», «Қыз махаббаты» әндері орындалды.
Көрерменге облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияның әншісі Асхат ӘМІРҒАЛИЕВТІҢ орындауы ерекше ұнады. Асхат та Табылды Досымов сияқты Индер ауданының тумасы. Ол Табылдының әндерін оның қазасынан соң шырқай бастаған. Асхаттың техникалық білімі болғанымен вокалдық қабілеті оны кәсіби сахнаға алып келді.
Табылды Досымовтың шығармашылығы әдеби және музыка сыншылары тарапынан зерттеуге сұранып тұрғаны сөзсіз. Бұл нағыз өнер. Сөзімді «Өмірзая» әнінің жолдарымен аяқтағым келіп отыр:
...Жүректе – қайғы, баста – мұң, көңілде – қырау,
Оңай ма, жаным, жаныңды қайғы ауыртқасын.
Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес, шаттықтан айналып басым?!...
Айнұр САПАРОВА