Осыдан бір ай бұрын біз «Атырау су арнасы» КМК авангардтықтарға қосымша есепшот таратқаны туралы айтқанбыз. Онда жеке есептегіш бойынша әдеттегі тұтынылған текше сумен бірге жеке және жалпыүйлік есептегіштердің арасындағы айырмашылықпен әр пәтердің үлестік төлемі ұсынылыпты («Авангард «ұжымдық жауапкершілікке» қарсы» мақаласын қараңыз).
Яғни, тұрғындардан ресми тұтынылған су көлемін де, шығындарды да төлеуді талап еткен. Тұрғындар қосымша төлемақыны төлеуден бас тартты. «АЖ» қалалық прокуратураға осы мәселе бойынша тексеру жүргізіп, су арнасы басшылығының әрекеттеріне заңдық баға беруді өтініп, хат жолдаған еді.
Прокуратурадын келесі мазмұнда жауап келді: «“Атырау су арнасы" КМК көппәтерлі тұрғын үйде суды міндетті түрде жалпыүйлік су есептегіш аспаптардың көмегімен есептеуді қарастыратын ҚР Су кодексінің 92-7 бабының негізінде 2014 жылдың желтоқсан айында Авангард тұрғын үй массивіндегі 97 үйге су есептеу аспаптарын орнатқан.
Алайда сол кездегі қолданыстағы Су кодексінде жоғарыда аталған бап болмады, өзгерістер тек 2015 жылғы 17 маусымда енгізілді. Алайда, «Атырау су арнасы» кәсіпорны Су кодексіне жоғарыда аталған өзгерістер енгізілгенін күтпестен, уақытынан бұрын, үстіміздегі жылдың мамыр айында жалпыүйлік және жеке есептегіш аспаптар көрсеткіштері арасындағы айырмашылықты есептеп, 6248 тұтынушыға жалпы сомасы 1 559 248 теңге шығарған. Осыған байланысты Атырау қаласы прокуратурасы “Атырау су арнасы" КМК-ге ұйғарым ұсынып, соның нәтижесі бойынша тұтынушыларға мамыр айына берілген соманы кері есептеу жүргізілді. Қазіргі уақытта “Атырау су арнасы" кәсіпорны тұтынушылармен жасалған шартқа сәйкесінше өзгерістер енгізіп жатыр».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ