– Биылғы жылдың сәуірінде Еркінқала-2 поселкесі тұрғындарының жиналысында Еркінқала селолық округінің әкімі Ерғали ТАПАНОВ биыл поселкемізде су құбыры желісі мен жолдар салынатынын хабарлаған еді. Содан бері қарай екі ай өтті. Ал құрылыс техникалары әлі көрінбейді. Поселкеде жер телімдері бес жыл бұрын берілді. Ал бір жылдан кейін тұрғындардың көпшілігі өз үйлерін салып алды. Бізде су мен жол қашан болады?
Рәзия Исенгалиева
Сұраққа Еркінқала селолық округінің әкімі Ерғали ТАПАНОВ жауап берді:
– 2013 жылы Еркінқала-2 поселкесін электрлендіру, 2014 жылы газдендіру жүзеге асырылды. Тұрғындар алдында сөз алған кезде су құбырын салу бойынша қаржыландыру мәселесі шешілмегенін, жобалау құжаттары қалалық құрылыс бөлімінде екенін, жол салу бойынша – Балауса поселкесінде 15 көшені, Еркінқала поселкесінде 6 көшені және Ракуша поселкесінде 5 көшені асфальттау бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы ғана әзір екенін айтқан едім. Әрине, Еркінқала-2 поселкесінде тұрғындардың барлығы үй салған кезде жолдардың құрылысы басталып, бүкіл коммуникация жүргізілетін болады.