Атырау, 28 қараша 18:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Құрдымға кеткен алма бағы

3 280 просмотра

Image 0Елтай ауылында 40 жылға жуық уақыт бұрын егілген 30 гектар алма бағы бүгінде ешкімге керек емес болып жатыр.

Бес жыл бұрын бақтың жағдайы дәл мұндай мүшкіл емес еді. Бақта қызу еңбекке кіріскен адамдар толып жүретін. Олар жеміс ағаштарының түбін әктеп, артық бұталарын кесіп, суаратын. Ал М. Сиранов атындағы мектептің оқушылары осында оқу-өндірістік практикаларын өткізіп жүрді. Бүгінде жағдай кері кеткен. Алыстан бақ ішінде жайылып жүрген мал көрінеді. Былтырдан бері жүйелі түрде суарылмаған жеміс ағаштарының көбісі қурап қалған (суретте). Бақты арам шөп басқан.

Бақ бұрын ауылдан тысқары «Елші» учаскесінің теңгерімінде болған еді. Ал кейін совхоз тарап, алма бағы қараусыз қалған. Соңғы 15 жылдан бері бақ М. Сиранов атындағы мектептің теңгерімінде болды. Алайда бақты күтіп ұстауға бюджеттен ақша бөлінбеді. Тек мектептің бұрынғы директоры Захи АХМЕТЖАНОВТЫҢ баққа деген жанашырлығы мен еңбегінің арқасында ол гүлдеді. Жаңа директор Сәбит ЕШМУХАМБЕТОВ бақтан бірден бас тартты. 2014 жылы Елтайда тұратын жеке кәсіпкер Нұртас КИСИМОВ бақты сенімгерлік басқаруға алды. Оның келісімшартының мерзімі мамырдың ортасында бітті.

- Маған бақты күтіп-баптау оңайға түскен жоқ. Әрине, мұнда ток та, су да келіп тұр. Бірақ алма ағаштарының басым бөлігі «қартайған». Бақта 2 мыңға жуық түп алма ағашы бар, алайда өкініштісі, оның 90 пайызы қурап қалған. Қоршаулары тозған, құлап жатыр, мал кіріп кете береді. Менің бақты күтіп ұстауға күшім де, қаржым да жоқ, сондықтан мен келісімшарт мерзімін ұзартқаным жоқ, - дейді Н. Кисимов.

Image 1Индер ауданы әкімі Серік АРЫСТАН бұл баққа жаны ашығанымен оны отаудан басқа амалдың жоқтығын айтты. Елтай ауылдық округінің әкімі Ербол ДҮЙШІМНЫҢ айтуынша, жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беруге бірнеше рет талпынғанымен оған ынталанған ешкім болмады.

- Мен бақты бұдан он бес жыл бұрын дәл қазіргі күйде қабылдап алған болатынмын, - деп еске алады көп жыл осы бақта жұмыс істеген Сүйінғали СЫДИХОВ (суретте). - Соңғы ағаштар 1991 жылы егілді. Егер бақты қоршап, уақытылы суарып, күтімге алса, ең болмаса 2-3 гектар алма бағын сақтап қалуға болар еді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.