Атырау, 28 қараша 18:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​​Тазалық сақшылары

2 732 просмотра

Image 0«Арнаулы автобаза» ЖШС қала тазалығымен күресуде учаскелік инспекторлардан қолдау тапты.

– Біз белгілі бір тұлғалардың немесе тіпті заңды тұлға өкілдерінің жәшіктерді, қоқыс алаңдарын ұстау талаптарын бұзатын немесе басқа заң бұзушылықтарға жол беретін жағдайларын жиі тіркейміз. Бірақ насихаттаудың, кеңес берудің еш әсері болмай отыр. Қызметкерлерімізді елең қылмайды немесе оларға ашықтан-ашық дөрекілік көрсетіп, олардың көз алдарында қоқыс тастауды жалғастыра береді, - деп Атырау ҚІІБ-мен жасалған осы келісімнің мән-жайын «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Мұратбек МАХАНОВ түсіндірді. – Мұндай заң бұзушылықтарды ресімдеудің қарапайым процедурасы барлық қажетті ұзақ-сонар процедуралардан өтіп, біраз уақыт алады. Бүгінде біз ІІБ басшылығының арқасында «фейс ту фэйс» форматында учаскелік инспекторлармен кездесу ұйымдастырып, тікелей заң бұзушылық орын алған ауданға жетекшілік ететін инспекторлармен байланысамыз деп келісімге келдік. Ол сол жерге анағұрлым тез жетіп, заң бұзушылық хаттамасын толтыра алады.

– Бірақ заң бұзушы бәрібір оны күтпейді ғой.

– Күтпей-ақ қойсын, қызметкерлеріміздің әрқайсысы суретке немесе бейнежазбаға түсіріп ала алады. Бұл материалды ресімдеу үшін жеткілікті. Оның үстіне, маусымнан бастап біз штаттық кестемізге өзімізден санитария жөніндегі арнайы инспектор деген штат ашып, оған планшет сатып әпердік. Ол бір айдан бері рұқсат етілмеген қоқыс шығарындыларын тіркеп алып жүр. Біз бірнеше айдан бұрын Привокзальныйдағы қоқысқа арналған алаңдардың бірін объективті себептер бойынша көшірдік. Енді ол жолдың ар жағына орналастырылды. Бірақ күнде қоқыстар ол жерде контейнер жоқ болса да, таңертең сол орынға жиналып қалады. Мұны негізінен жақын орналасқан мейрамханалар мен дүкендер жасайды. Міне, мәселен, бүгінгі кездесуде біздің инспекторлар бейнежазбаға және фотосуретке түсіріп алған фактілерді көрсеттік. Учаскелік инспекторлардың бірі осы жерде үнемі қоқыс тастайтын заң бұзушы әйелді таныды. Ол жақын маңда орналасқан азық-түлік дүкенінде жұмыс жасайтын болып шықты. Бұл ақпарат бақылауға алынды. Жақын күндері материал жасақталып, сотқа жолданды. Яғни, біздің өзіміз заң бұзушыны тауып, оның кінәлі екендігіне дәлел ұсынуға дайынбыз. Полицияға тек хаттама толтыру ғана қалады.

– Бұл әйелге қандай жаза қаупі төніп тұр?

– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы («абаттандыру қағидаларын бұзу») бойынша – айыппұл. Яғни, бюджетке де ақша болады, әрі бұл тәрбие жұмысы. Қарапайым нәрсені – тазаланатын жер емес, қоқыс тасталмайтын жер таза болатынын түсінгісі келмейтін біздің азаматтарымыздың психологиясына қатысты белгілі бір қиындықтар бар. Біздің әрқайсымызға тазалақшы бекітіп, әрқайсысына қоқыс жәшігін орнатып қою мүмкін емес. Бірақ белгілі бір ережені ұстанып, өзгенің еңбегін құрметтесе, мұның қажеті де жоқ. Біз бәріміз тәрбиелі адамдармыз. Мәселен, өте өнегелі әйелдің, дәрігердің қоқыс салынған пакетті подъезд алдындағы қоқыс жәшігіне тастай салғанына өзім куә болдым. Мен жасын сыйлап, сыпайылап есіне салып: «Апа, контейнер бар ғой» деген едім. «Мені үйрететіндей сен кім едің?!» деген жауап алдым.

БЕТОН АРАЛАСТЫРҒЫШТЫҢ ІЗІ

– Бүгін сіз де заң бұзушыны ұстап, полицияға тапсырдыңыз.

– Иә, біздің көз алдымызда бетон араластырғыштың жарамсыз ыдысынан жолға қоспа төгілді. Біз құқық бұзушыны қуып жетіп, оны тоқтатып, жасақ шақырттық. Сөйтсек, ол айналма жолдан бері қарай осылай келе жатыр екен. Қалаға кіріп, Советский, Московский көшелерінен өткен. Біз оны Пушкин – Сәтпаев бойынан ұстадық. Ол бойынша шешімді сот қабылдайтын болады. Біз сондай-ақ, тағы бір істің нәтижесін күтіп отырмыз. Аялдамалардағы хабарландырулар мен жарнама постерін жапсыруға байланысты үлкен проблема болып тұр. Мәселен, біз Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушыға қоңырау шалдық, ол өзі жапсырғанын айтты. Біз одан рұқсат етілмеген хабарландырулардың барлығын түсіріп, аялдама павильондарының шыныларын тазартуды сыпайы ғана өтіндік. Бүкіл қаладағы аялдамалар біздің балансымызда тұр. Ол дөрекі сөз айтып, телефонды айырып тастады. Біздің заңгер «Show service» ЖК-нің ұйымдастырушысына қатысты мүлікті бүлдіру салдарынан материалдық зиян сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап-арыз ресімдеді. Біздің қызметкерлеріміздің есептеулері бойынша, бастапқы түрін қалпына келтіру бір аялдамаға 44,6 мың теңгеге шығады. Актіге сәйкес, қала бойынша 24 аялдама павильонына желімделген. Зиян сомасы барлығы миллион теңгені құрады. Талап-арыз 29 маусымда жіберілді.

– Біз орталық көше бойындағы қоқыстарды қолдарымен жинап жүрген адамдарды өз көздерімізбен көрдік. Ол жер шынымен таза. Бірақ сіздің қызметке көптеген шағымдар түседі, мәселен, қала шетіндегі, жеке сектор тұрғындарынан.

– Иә, бізде өкінішке орай, қолмен жұмыс жасау басым болып отыр. Біз оны мүмкін болар жерлерде механикаландыруға тырысамыз. Мәселен, біз он адамның еңбегін алмастыратын, жаяу жүргіншілер жолдарын сыпырып-тазалайтын 21 машина сатып алдық. Қаржымыз болса тағы да сатып аламыз. Стихиялы түзілген қоқыстарға, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс лақтыруға қатысты проблемаларды шешуді учаскелік инспекторлармен жасалған келісімшарттармен байланыстырып отырмыз. Жұмылдырылған күш мұндай заң бұзушылықтарды азайтар еді. Бірақ соның өзінде біздің қоқыс заңсыз төгілген барлық жерлерді көруіміз мүмкін емес. Сол себепті мен қала тұрғындарынан көмек сұраймын, әрдайым диалог жасауға әзірмін. Шешімін табу біздің құзырымызда болатын барлық фактілер туралы S-avtobaza@mail.ru электронды поштасына М. Махановқа деп жолдап, хабарлауды өтінемін.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

9 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.