Солтүстік Каспий Жобасының операторы NCOC операциялық медельдерді қайта құрылымдау процесін аяқтады. 13 маусымда NCOC N.V. компаниясы Солтүстік Каспий бойынша Өнімді бөлу келісімі аясында Бірыңғай Оператор болып тағайындалды.
КЕҢСЕ ЕНДІ ТЕК АТЫРАУДА БОЛАДЫ
Консорциум сайтындағы баспасөз бетшесінде Солтүстік Каспий Жобасының (СКЖ) операциялық модельдерін қайта құрылымдау 2015 жылғы 13 маусымда аяқталды деп хабарлайды.
Пресс-релизде «Солтүстік Каспий жобасы компанияларының құрылымын өзгерту Нидерланды заңнамасына сәйкес және Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданылатын талаптарын ескере отырып өткізілді. Қайта ұйымдастыру «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» («НКОК Н.В.») компаниясына Солтүстік Каспий жобасының басқа екі компаниясының, атап айтқанда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б. В.» («НКОК Б.В.») және «Эн Си Продакшн Оперейшнс Компани Би. Ви.» (NCPOC) компанияларын қосу жолымен жүргізілді. Оның нәтижесінде: (1) «НКОК Б.В.» және NCPOC компаниялары өз жұмыстарын тоқтатып, (2) «НКОК Н.В.» компаниясы «НКОК Б.В.» және NCPOC компанияларының біртұтас құқықтық мұрагеріне айналды. Қайта ұйымдастыру барысында «НКОК Б.В.» компаниясының Атырау және Астана қалаларындағы филиалдары, сонымен қатар NCPOC компаниясының Атырау қаласындағы филиалы есептік тіркеуден алынды. «НКОК Н.В.» Қазақстан Республикасындағы Солтүстік Каспий жобасындағы қызметін Қазақстан Республикасы, 060002, Атырау облысы, Атырау қаласы, Смағұлов көшесі, 1 мекенжайында орналасқан филиалы арқылы жалғастыруда»,- деп хабарланған.
Осылайша, халықаралық компаниялардың консорциумының North Caspian Joint Venture (NCJV) уақытша атауының орнына NCOC N.V. деген ақырғы нақты атауы пайда болды.
Оператордың агенттік компаниялармен бірігуінің негізділігіне келсек, бұдан бұрынырақ 2013 жылы ӨБК мүшелері бірыңғай компания құру туралы шешім қабылдағандары хабарланған болатын. Сол кезде NCOC басқарушы директоры Жақып МАРАБАЕВ жаңа модельге сәйкес бірыңғай оператор жалпы стратегияны анықтайды және басшылық етеді, жоспарлау мен үйлестіруді жүзеге асырады, экологиялық-физикалық және концептуалдық зерттеулер жүргізеді, сондай-ақ мүдделі тараптармен, атап айтқанда, консорциум қатысушылары мен мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастықта болады.
Компанияның басымдықтарының қатарына мұнай және газ құбырларын ауыстырумен бірге Марабаев келесіні атады: «Қашаған кен орындары нысандарын өндірістік қызмет тоқтатылған ұзақ кезеңнен кейін қауіпсіз кері қосуға дайындау».
- Бұл мердігерлер де, біз де осы уақытқа дейін жұмыс жасаған ұйымдастыру жүйесіне қатты риза болмағанымызбен байланысты. Ол қымбатқа шықты және ең бастысы, шешімдер қабылдау мен басқа да сәттер өте ұзаққа созылды, өйткені иерархия өте қиын болды және осыған байланысты шешімдер қабылдау кешіге берді. Қазір бұл жүйе жеңілдетілді, қарым-қатынастар жаңа нұсқада құрылып жатыр.
ЕЛ ҮШІН ЖАҚСЫ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҮШІН ЖАМАН
Естеріңізге салсақ, қазіргі уақытта жеті компания келесі үлестермен консорциум қатысушылары болып табылады: Аджип Каспиан Си Б.В. 16.807%, CNPC Қазақстан Б.В. 8.332%, ЭксонМобил Қазақстан Инк. 16.807%, Инпекс Норт Каспиан Си, Лтд. 7.563%, ҚМГ Қашаған Б.В. 16.877%, Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В. 16.807%, Тоталь ЭиП Қазақстан 16.807%. қазақстан жобада екі рольде қатысады. Бірінші кезекте 1997 жылғы 19 қарашадағы Өнімді бөлу туралы келісімнің (ӨБК) тараптарының бірі ретінде. ҚР атынан жобада өкілетті орган – Қазақстан үкіметінің атынан әрекет ететін энергетика министрлігі -қатысады. Сонымен қатар Қазақстанның жобада 16,877%-дық өз үлесі де бар, оны Нидерланды заңдары бойынша бекітілген және әрекет ететін ҚМГ Қашаған Б.В. компаниясы басқарады.
Жақында «ҚазМұнайГаз» ҰК» (ҚМГ) KMG Kashagan B.V. компаниясының 50% акциясын өзінің бас компаниясы «Самұрық Қазына» ҰӘҚ-қа $4,7 млрд.-қа сату туралы ниеттері бар екені хабарланды. Түскен ақша ҚМГ-нің $18 млрд.-ты құрайтын қарызының бір бөлігін жабуға кетеді.
Ұлттық компанияның осындай ауыр халі бір жағынан Қашағанды сәтсіз іске қосумен де байлансты шығар. Бұрын айтылғандай, ҚМГ бұл жобаға ӨКБ акционерлерінің бірі ретінде қатысады және сәйкесінше өз үлесіне сәйкес шығынданады. Естеріңізге салсақ, Қашаған жобасының 2015 жылғы бюджеті $4,2 млрд-ты құраса, оның $1,4 млрд-ы құбыр желілерін ауыстыру шығындарына кетеді. Дегенмен, біздің ақпарат көздеріміз хабарлағандай, ҚМГ құбыр желілерін ауыстыру және өткен жылдың 13 желтоқсанында қол жеткізген ҚР мен NCOC арасындағы келісім аясында мұнай өндіруді кері қосудың басқа шығындарына қатыспайжы. Алайда басқа да шығындар бар. біздің мәліметтеріміз бойынша, өткен жылдың аяғында $1,2 млрд қайтарылмайтын шығындарға жатқызылса, тағы $140 млн-ға жуық қаржы талқылануда.
Қалай болғанда да, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ жақында Қашаған бойынша шешілмеген мәселелер туралы айтып өтті:
- Шығындар жалғасып жатыр және олар 2013 жылғы 1 қазаннан бастап өтелмейді. Республика үшін бұл жақсы, ал жобаға қатысатын компаниялардың бірі ретінде ҚазМұнайГаз үшін келеңсіз зардаптары бар. Сонымен қатар, өндіру мерзімі де анықталған жоқ,- деді ҚМГ басшысы.
ҚОРҚЫНЫШ ПЕН МЫСҚЫЛ
ҚР премьер-министрі Кәрім МАСИМОВТЫҢ мәлімдемесінен Қашаған бойынша белгісіздік тек ҚМГ-ны ғана алаңдататын байқауға болады.
- Консорциум мен сыртқы инвесторлардың бізге қатысты экологиялық қатерлер мен мәселелерге байланысты кейбір даулы мәселелері бар,- деп премьер мәжіліс депутаттарына ұлттық заңнамаларды, соның ішінді экологиялық заңдарды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының нормаларына сәйкестендіруді сұрады. – Біздің келісіміміз бойынша, қазіргі консорциумның жаңа құбырларды салу бойынша шығарып жатқан шығындары өтелмейтін шығындар болып табылады, яғни, мемлекет құбырларды ауыстыруға байланысты шығындарды өтемейді. Бұл консорциумге кіретін компанияға ауыр жүк болып отыр.
К. Масимов, сондай-ақ, «Қашаған» мұнай және газ кен орнын 2016 жылдың аяғы – 2017 жылдың басында қосуға үміттенетінін мәлімдеді. Алайда қазіргі мұнай бағасының төмен жағдайында қымбат қашағандық шикізат нарықта қандай сұранысқа ие болады? Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың қарашасында CNN Money «Қашағанды» әлемдегі ең қымбат кен орны деп таныған еді. Сол кезде оны әзірлеу үшін $116 млрд. қаржы салынған болатын. Ал қазір консорциум мұнай өндіруді қайта қосуға байланысты жаңа шығындарға батып отыр.
Бұрын үлкен үміт күтілген Қашаған жобасына қатысты қазір мысқылдар босқа көбейіп тұрмаған шығар.
Лаура СУЛЕЙМЕНОВА