Атырау, 28 қараша 18:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Автомобиль толық жабдықталған. Бірақ кеше...

2 907 просмотра

Image 0Судьяларымыз тұтынушылар құқығын қорғау бойынша ерекше бір істі қарады: Атырау қаласының тұрғыны Талғат ТЕМІРҒАЛИЕВ автосалоннан көлік сатып алады. Кейін анықталғандай, темір тұлпары толық жабдықталмаған екен. Ол сотқа шағымданып, жеңіске жетті.

Атырау қалалық соты Т. Темірғалиевтың «ToyotaTsushoKazakhstanAuto» ЖШС-мен 2014 жылғы 10 қарашада жасалған «ToyotaCorolla» маркалы автокөлігін сатып алу-сату шартын бұзып, 5,4 млн теңге мөлшерінде автокөлік құнын өндіріп алу жөнінде талап-арызын қарады. Іс материалдарынан танысқанымыздай, сатып алу-сату шартына сәйкес, атап айтсақ, №1 қосымшасында атауы, комплектациясы, саны және көліктің құны жазылған. Алайда Темірғалиев көлікті пайдалану кезінде машинаның VSC бағыттық тұрақтылық жүйесімен, НАС көтерілу және түсу кезінде көмек жүйесінің, толық көлемді жеңіл балқымалы қосалқы тегершікпен, жүргізушіге арналған қосымша қауіпсіздік жастығы жоқ екенін анықтайды.

Ол автосалонға өз талаптарын қойды. Жауапкер өз хатында аталған жетіспеушіліктерді мойындады, алайда шарт талаптары бойынша міндеттемелерін орындаудан бас тартты. Ал сатып алу-сату шартының 4.1. тармағында тауар №1 қосымшада көрсетілген сипаттамаларына сәйкес келмесе, сатып алушы тауардан бас тартуға құқылы және жеткізуші сатып алушыға төленген ақшаны толықтай қайтаруға міндеттеледі деп жазылған. Осыдан кейін сатып алушы сотқа шағымданды.

Сотта жауапкер талапкердің осы әрекетін «қасақана және әрекет ету құқығын асыра пайдалануға бағытталған» деп бағалайтынын мәлімдеп, келесі негіздемелер бойынша талапкер шағымын қанағаттандырудан бас тартуды сұрады:

«Белгілі бір уақыт ішінде жасалған көлік құралы келесі кезеңде шығарылған көліктен басқаша жабдықталуы мүмкін. Бұл ақпаратты Toyota-ның Қазақстан Республикасындағы ресми дистрибьютері хабарлады. Шарт пен оның автокөлік ерекшелігі жөніндегі қосымшасын басып шығару 1С бағдарламасынан автоматты режимде жүзеге асырылады. Талапкердің жағдайында келесілер орын алған: талапкердің автокөлігі 2014 жылдың маусым айынан кейін шығарылған, ал онда 2014 жылдың маусымына дейін шығарылған көліктерде бар кейбір жабдықтар салынбаған. Атап айтсақ, бұл көлікте VSC бағыттық тұрақтылық жүйесі жоқ, жүргізушіге арналған қауіпсіздік жастығының біреуі кем (жетеу емес, алтау) толық көлемді жеңіл балқымалы қосалқы тегершіктің орнына толық көлемді темір тегершік салынған. Сәйкесінше, бұл жабдықтар мен комплектацияның өзін өндіруші зауыт қарастырмаған, бұл туралы талапкерге тауарды таңдап, сатып алар алдында нақты ескертілді. Талапкер айтып отырған басқа жабдықтар туралы Toyota бұл шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдейді. Өйткені, followmehome ілеспе жарық беру жүйесі және Optitron аспаптар панеліне жарық беру жүйесі, НАС көтерілу және түсу кезінде көмек жүйесі оның көлігінде бар. Осыған байланысты жауапкер талапкердің сотты адастырғысы келіп отырғанын айтады...»

Жауапкер талапкердің көтеріп отырған мәселелерін «қағаз жүзіндегі» мәселелер деп атады: «көрсетілген проблемалар, шын мәнінде, қағаз жүзіндегі проблемалар. Талапкер толық жабдықталған тауар алды, алайда қосымшада осы модельдегі автокөліктерде қарастырылмаған артық жабдықтар жазылған».

Сот талапкер Темірғалиевтің автокөліктің толық жабдықталмағандығына байланысты шартты орындаудан бас тартып, тауар үшін төлеген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқығы бар деп шешті. Соттың шешімі бойынша мәміле бұзылған деп танылып, автокөлікті қайтарып, жауапкер сатып алушының ақшасын қайтаруға міндеттелді.

Екі тарап та облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық алқасына жүгінді - «ToyotaTsushoKazakhstanAuto» ЖШС шешімге шағымданып, сот шешімінің күшін толықтай жоюды талап етсе, талапкер өзіне қайтарылатын шығындарға автокөлікті алу үшін ресімдеген несиені төлеу шығындарын қосуды сұрады.

Коллегия қалалық сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

2 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.