Наурыз айының ортасында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы «Құпия сатып алушы» акциясын іске қосты. Оның барысында қарапайым кәсіпкер палата өкілімен бірге тұрғын үй пәтерін кеңсе ретінде кері рәсімдеу, қайта жоспарлау мен қосалқы құрылыс салуға рұқсат алудың барлық кезеңдерін өтуі керек болатын. Алайда үш ай бойы іс алға баспай-ақ қойды.
ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР КЕРЕК?
Бұл шарадағы ҰКП-ның міндеті «Жылжымайтын мүлік объектісінің нысаналы мақсатын өзгерту» рәсімін өткізу барысында өкілетті органдар тарапынан болатын әкімшілік кедергілерді анықтап, кәсіпкерлерге арналған рәсімді кезеңдермен өту нұсқаулығын арнайы кітапша қылып шығару болатын. Кәсіпкердің және оның мүддесін қорғайтын маманның аты-жөндері аталмайды, олар жалпы негіздемелермен әрекет етеді.
Теориялық тұрғыдан түсінікті сияқты. Объектінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі барысында рұқсат алу керек, ал бұл үшін әкімнің атына өтініш жазып, оны әкім кеңсесіне немесе ХҚКО-ға тапсыру қажет. Өтініште тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, пошта мекенжайы мен телефоны; өзгертілетін объектінің мекенжайы (орналасқан жері); орынжайды немесе ғимараттың басқа да бөліктерін өзгерту мақсаты көрсетіледі.
Өтінішке келесілер қосылады:
- жылжымайтын мүлік объектісіне құқықты куәландыратын құжаттың көшірмесі. Тұлғаның жеке куәлігінің немесе сенімхаттың көшірмелерін тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады, олар тексерілгеннен кейін қайтарылады;
- техникалық төлқұжат (қызметтік мақсаты өзгермеген күйде)
Егер қызметтік мақсатын өзгерту жоспарланатын болса, бұл жағдайда ресімдеу екі кезеңде өтеді: 1. Жобалау кезеңінде қолданыстағы объектіні жоспарланып отырған өзгерістер бойынша техникалық жобасын ұсыну қажет; 2. Құрылыс кезеңінде сәулет-жоспарлау тапсырмасына (СЖТ) сәйкес орындалған, келісім алынған сызбалық жобасын ұсыну қажет.
Бұл жағдайда, сондай-ақ, егер жоспарланып отырған өзгерістер немесе аумақ шекарасын көшіру басқа орынжайлар иелерінің, көршілердің мүдделеріне әсер етсе, олардың нотариалды куәландырылған жазбаша келісімдері қажет. Қолданыстағы орынжайды салмақ түсетін және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарымен байланысы жоқ қайта жаңғырту/кері жоспарлау/қайта жабдықтауға әкімдіктен рұқсатты 30 күнтізбелік күн ішінде алуға болады. Рұқсат алғаннан кейін қайта жаңғырту/кері жоспарлау/қайта жабдықтау жобасын әзірлеу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) алу керек.
Содан кейін сәулет және қала құрылысы басқармасына немесе бөліміне келесі құжаттарды жинап, тапсыру қажет: техникалық төлқұжат; топографиялық түсірілім; қызыл жолақтарға қатысты орналасуы; мекенжайлық анықтама; мүдделеріне әсер еткен көршілердің нотариалды бекітілген келісімі.
Сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) алу үшін келесілер қажет: 1. Нысан бойынша өтініш; 2. Тапсырыс беруші бекіткен, жобалаушы қолы қойылған және мөрімен расталған (салыстыру үшін түпнұсқа керек) жобалау тапсырмасы (техникалық талаптар жүктемесін қоса).
Қолданыстағы нысанға өзгеріс енгізетін жоба әзірлеушілер жобалық құжаттамада орынжайды немесе ғимараттың басқа да бөліктерін өзгерту бойынша жұмыстар үдерісінде, сондай-ақ өзгертілген объектіні алға қарай пайдалануда басқа меншік иелерінің мүдделеріне әсер ететін жобалық шешімдердің бар-жоқтығы туралы мәліметтерді көрсетуі керек.
ХҚКО арқылы мемлекеттік қызметтер алғанда қызмет алушы ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпия мәліметтерді пайдалануға ХҚКО қызметкерлері ұсынған нысан бойынша жазбаша келісім беріледі (егер ҚР заңдарында басқаша қаралмаса).
Мемлекеттік орган құжаттарды қабылдап, құжаттарды қабылдау күні мен уақытын көрсете отырып, қызмет көрсетушінің белгісін қояды. ХҚКО-да көрсетілген құжаттардың қабылдағаны туралы қолхат беріледі, онда: 1) өтініштің нөмірі және қабылданған күні; 2) сұрау салынған мемлекеттік қызмет түрі; 3) қоса берілген құжаттардың саны мен атаулары; 4) құжаттарды беру күні (уақыты) мен орны;
5) мемлекеттік қызмет көрсету үшін өтінішті қабылдаған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты мен лауазымы; 6) қызмет алушының тегі, аты, әкесінің аты (жеке тұлғалар үшін) немесе атауы (заңды тұлғалар үшін), байланыс деректері көрсетіледі.
«МҰНДАЙ АХУАЛ ҚОЛДАН ЖАСАЛЫНЫП ОТЫР»
Алайда іс жүзінде тап осындай нақты әрекеттер жасау мүмкін болмады. Акция 2015 жылғы 16 наурызда басталды, «Құпия сатып алушы» операциясына объектінің нысаналы мақсатын өзгертумен тікелей байланысты төрт ұйым - әкімдік, қалалық сәулет бөлімі, ПИК және ХҚКО – тартылды. Келеңсіздіктер ПИК-ке барғаннан басталды. Оның өкілдері әкімнің шешімін әкелуді талап етті. Алайда бұл шешімді алу үшін көршілер мен ПИК-тің келісімі керек. Сол кезде ПИК төрағасы подъездегі барлық көршілердің қолын жинауға кеңес берді. Өтініш қалалық әкімдік кеңсесінен қалалық сәулет бөліміне дейін 14 күн жүрді. Тұрғын үйді қайта жоспарлау және қосалқы құрылыс салуға арналған «жүгіртпе» құжат әлі бекітілмепті.
- 30 наурызда бізге учаске сызбасының жоқ болуына байланысты өтінішіміздің 44-1 бап талаптарына сәйкес келмейтінідігі туралы жауап келді. Біз осы жауапты жіберген орындаушымен ауызша сөйлестік, ол бізге қалалық сәулет бөлімі ғимаратындағы №4 терезеге баруымызға кеңес берді. Сол жерде бізге «Атырау Бас Жоспары» ЖШС-тің учаске сызбасын жасау қызметі 47 013 теңге тұрады деп хабарлады. Жер Кодексінде де, ұлттық экономика министрінің 05.11.2014 күнгі №60 «Елді мекен аумағында нысандар салуға арналған жер учаскелерін беруге қажетті құжаттар формасын бекіту туралы» бұйрығында да бұл қызметтерді ақылы түрде көрсету қарастырылмаған. Осындайда осы қызметтерді ақылы негізде көрсету қаншалықты заңмен негізделген деген сұрақ туындайды. Бір жағынан кәсіпкер құжаттардың барлығын тапсырғанның өзінде рұқсат алатындығы белгісіз болып тұрған жағдайда қаржы жұмсауы орынды ма? Мұның бәрі 3 ай тынымсыз шабыспен, түсініксіз кезектерге тұру, шенеуніктердің бір-біріне сілтеуімен жасалды. Қайда бару керек, не істеу қажет екендігін басынан аяғына дейін нақты түсіндіріп беретін бірде-бір маман жоқ. Біздің ойымызша, осы сөзбұйдадан әбден мезі болған адам ақылы қызметке еріксіз келсім беру үшін жасалып жатқан сияқты. Осылардың кесірінен бизнестің ерекше бір түрі қарқын алып келе жатыр – делдалдар 200 мың теңгеге барлық құжаттарды кешіктірмей жасап беруді ұсынып жүр. Олардың айтуынша, қолдан салған да, интернеттен құйып алған кез келген сызба жарамды. Бізде жер комитеті мен қалалық сәулет бөлімі үстінен айтылатын шағым өте көп, - дейді ҰКП өкілі.
Кәсіпкер өз атынан қала әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИННІҢ атына қалада қолжетімді бағаға осындай қызмет көрсететін басқа фирмалардың бар бола тұрса да, сызба жасап беруге неге 47 мыңнан аса ақша төлеуі керектігі жөнінде сұраныс жіберді. Жауапта ҚР Жер кодексінің 152-бабы 3-тармағына сәйкес ҚР мемлекеттік жер кадастрін жүргізу бойынша қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны ел үкіметі шешімімен құрылған шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорындар жүзеге асырады деп жазылған. Сонымен қатар жер кодексінің 44-1 бабы 2-тармағында мемлекеттік жер кадастрін жүргізетін арнайы мемлекеттік кәсіпорындар интернет-ресурстарында қала мен аудандардың кадастрлік сызбасын жариялап, апта сайын жаңалап тұру қажет деп белгіленген. ...Жер учаскесінің орналасу сызбасын алу үшін «Мемлекеттік жер ресурстары және жерге орналастыру ғылыми-өндірістік орталығының» Атырау еншілес мемлекеттік кәсіпорнына жолығуға болады.
- Алайда, өкінішке орай, бұл сызба электронды түрде еш жерде жарияланбайды, - дейді ҰКП өкілдері.
«ҚҰЖАТТАР ЖЫЛДАР БОЙЫ ЖАТАДЫ»
- Жер учаскесін беруден негізсіз бас тарту және шешім қабылдау мерзімдерін ұзарту туралы шағымдар бізге жиі келеді. Құжаттар қозғалыссыз жылдар бойы жатады. Үстіміздегі жылы қала әкімдігіне жер заңнамаларының орындалуы бойынша тексеру жүргізілді. Кәсіпкерлердің құқығын бұзу фактілері анықталды. оларға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға арналған жер учаскелерін ұзақ уақыт (6 айдан 2 жылға дейін) бойы бермей келген, - деп түсінік берді облыс прокуратурасы басқармасының прокуроры Сабырбек НҰРЫШЕВ.
Прокурорлық әсер ету нәтижесінде 150 кәсіпкерге әкімдік жер учаскелерін беріп, жауапты бөлімдер басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жер қатынастары бөлімінің басшысы ҚР ӘҚтК-нің 137-бабы («Жер учаскесіне құқық беруде және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуде ҚР жер заңнамаларын бұзу») бойынша әкімшілік жазаға тартылды. Сонымен қатар, өтініштерін қарауда төрешілдік сөзбұйда арқылы құқықтарын бұзу фактілері (эскиздік жобаларға сегіз айдан аса уақыт келісім берілмеген). Бес лауазымды тұлға қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұның барлығын қызметкерлер кадрлардың тұрақсыздығы мен мамандардың жетіспеушілігімен түсіндіреді.
Сонымен қатар, жер учаскесін таңдау актісін беру міндеті «Атырау Бас жоспар» ЖШС-ке жүктелген, бұл - заңсыздық. Ал бұл ЖШС өз кезегінде акті беру үшін 19 070 теңге көлемінде акті беруге төлем алған (ҚР Жер кодексіне сәйкес бұл қызмет тегін болуы керек). 2012 жыл мен 2015 жыл аралығында «Атырау Бас жоспары» ЖШС 4 840 кәсіпкерге осылайша акті беріп, олар 43 млн теңгеден аса ақша төлеген. Өтініштер мен құжаттарды қабылдау кестесін сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жер қатынастары бөлімі заңсыз қысқартқан. Құжаттар тек таңғы 9-дан 12.30-ға дейін қабылданған, заңында толық жұмыс күні бойы жүргізілуі тиіс. Қазіргі уақытта аталған бөлімдер кеңселері жұмыс кестесіне (09.00 – 18.00) сәйкес толық жұмыс жасап жатыр.
Прокуратураның араласуынан кейін жер комиссиясының отырысы енді аптасына екі реттен кем болмайды.
ҰКП мамандары үш айдың нәтижелері бойынша акцияның аралық қорытындыларын шығарды (акция созыла береді). Біріншіден, бірде-бір мемлекеттік органда нысаналы мақсатты өзгерту бойынша рәсім қалай өтетіндігі жөнінде түсінік берілмейді; екіншіден, тұрғын үй пәтерінің нысаналы мақсатын өзгерту бір бөлек, қосалқы құрылыстар мен қайта жоспарлау жұмыстары жеке бір рәсім, оларды біріктіру мүмкін емес деп қате ақпарат беріп, заң бұзылып отыр; үшіншіден қалалық сәулет бөліміндегі төрешілдік сөзбұйда әдейі жасалып отыр.
P.S. Материалды дайындау кезінде нәтижесіз табалдырық тоздырудан шаршаған кәсіпкер экспериментке қатысудан бас тартқаны белгілі болды. Уақыты мен жүйкесін үнемдеу үшін материалдық тұрғыда шығыны көп жолмен жүруге бекініпті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА