Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бірқатар үкіметтік емес ұйымдарымен, сондай-ақ, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасымен және «Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» ҚБ филиалымен ынтымақтастықта жұмыс істеу туралы келісімге қол қойды.
Медиа орталық, кәсіпкерлер палатасы, «Иверия» грузин этномәдени орталығы, «Жастар таңдауы» ҚБ, «Атырау облыстық іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ, «Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қоры және басқа да үкіметтік емес ұйымдары департаментпен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға шақыратын флешмобтар, семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер және өзге іс-шаралар ұйымдастырады.
Департамент басшысының орынбасары Мұхит ІЗБАНОВ мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында үлкен реформа жасау күтіліп отырғандығын және осы келісім бұл реформаны жүзеге асырудың бір тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа ашық конкурс негізінде қабылданатынын айтты.
Ал, «Иверия» грузин этномәдени орталығының жетекшісі Зураб БОБОХИДЗЕ антикоррупциялық реформалардың оның тарихи отаны - Грузиядағыдай нәтижеге алып келуін тіледі.
- Саакашвили кезінде елде сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жойды. Бүгінде Грузия азаматтарының жемқорлыққа қарсы көзқарасы қалыптасқан. Мен бір апта бұрын сол жақтан келдім. Есімде бізді онда жолда жас көлік инспекторы тоқтатты да, хаттама толтыра бастады. Мен бірінші рет кешірім беруін өтініп едім, ол иілмеді. Мен сонда оны қапсыра құшақтап, оның шыншылдығына, өз жұмысына адалдығына ризашылығымды білдірдім.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ Мұхит Ізбановқа қарата кәсіпкерлердің әкімдікте жатқан 800-ден астам арызы қаралу мерзімінен асып кеткенін айтты:
- Мұхит Кәрімұлы, арыздар сіз сөз басында айтқандай, 4 күн емес, айлап, жылдап жатыр. Бұған объективті себептер жоқ. Егер, меселен, жер қатынастары комитетінде бір адамдар арызды уақытында қарап үлгермесе, жұмыстан шықсын. Сондықтан, бұл жерде Зураб Генеденович айтпақшы, бәрі адамның өз еркіне, талпынысына байланысты.
Ал, Зураб Бобохидзеге қарата С.Жолдыбаев зор сеніммен: «Қазақстанда да түбі Грузиядағыдай болады» деді. Зал ду ете түсті.
- Мен кәсіпкерлер палатасы тарапынан айтылғандарды толық қолдаймын. Жарайды, арызды қарау мерзімін ауырып қалып немесе басқа да дәлелді себептермен 1-2 күннен асырсаң ештеңе емес, ал егер сен айлап қарастырсаң, сен ол арыз иесінен бір нәрсе дәм етіп тұрсың деген сөз, - деген М.Ізбанов жұмыс жоспарына қала әкімі мен қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының қатысуымен жер бөлуге қатысты арыздарды қарау мәселелері жөнінде үлкен жиын өткізетінін айтты.
Айнұр САПАРОВА