Атырау, 28 қараша 16:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Құлсарыда күн электр станциясы салынады

3 428 просмотра

Image 0Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының маңына жақын жерде күн электр станциясының құрылысы биылғы жылдың тамызында басталады. Бұл туралы «Экопротект - Құлсары» ЖШС-нің директоры Асқар СЕКЕРБАЕВ Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау филиалында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Қуаттылығы 10 мегаватт болатын баламалы түрдегі станцияның инновациялық жобасы мемлекеттен қолдау тапты. Ал оны түгелімен шетелдік инвесторлар қаржыландырады (оны жүзеге асыру үшін 5 млрд теңгедей қажет). Электр қуатын өткізу мәселесі шешілді – 15 жыл бойына мемлекет «KEGOC» АҚ атынан оны бір киловатын 37 теңгеден сатып алатын болады. Станция қуаттылығы мың үйге жетуі тиіс.

- Жұмыс принципі қарапайым: фотоэлектрлік модульдар күн радиациясын электр қуатына айналдырады. Қуат аккумуляторларға жиналып, кабельмен жалпы желіге беріледі, - дейді Асқар Секербаев.

Елімізде жаңғыртылатын энергия көздері саласында мамандар жетіспейді, ал басқарушы персонал мүлдем жоқ. Осыған байланысты ҚР үкіметі Германияның Экономика және энергетика Федералды министрлігімен және «Тұран-Профи» кәсіби академиясымен бірігіп, Германияға осындай кәсіпорындардың басшы қызметкерлеріне стажировка ұйымдастырды.

Тамыздың аяғында олар өз оқуларын солтүстік Германияның Киль қаласында жалғастырады.

Аудандық әкімдік жобаға алаңы 20 га болатын жер телімін бөлді. Қазіргі уақытта ТЭН және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда. Электр станциясын салу кезінде жергілікті тұрғындар қатарынан 150 адам жұмысқа алынады. Бірақ шетелдік мамандар да тартылатын болады. Өйткені бұл салада кәсіби мамандарымыз жеткіліксіз. Құрылысты аяқтау 2016 жылдың мамырына белгіленген.

«Экопротект - Құлсары» компаниясы алдағы уақытта Қызылқоға ауданына гибридті станция салуды жоспарлап отыр. Күн, жел және биогаз құрылғылары бар станция Сағыз станциясын электр қуатымен қамтамасыз етер еді. Қазір жергілікті әкімдікпен жер телімін бөлу туралы келіссөздер жүргізілуде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

20 маусым 2015, 15:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.