10 маусым мен 7 шілде аралығында қазақстандық Премьер Лига командалары үшін трансферлік терезе ашық болды. Осы кезеңде футболдан ел чемпионатының финалдық кезеңі алдында клубтар (әрқайсысы мүмкіндіктеріне қарай) командаларын нығайту үшін ойыншылар алады.
«Атырау» ФК бүгінде бір ойыншыны алды. «24» нөмірлі ақ-жасыл майканы 29 жастағы украиндық форвард Руслан ФОМИН (суретте) киді. «Атыраудағылар» Фоминді «өзара келісім бойынша» клубтан кеткен сербиялық шабуылшы Милош ТРИФУНОВИЧТІҢ орнына алғанын жасырмайды.
«Атырау» ФК баспасөз қызметі сербиялықты құрметпен шығарып салғанын атап өтті. Ол командаға көп көмектесіпті, бір жарым маусым ішінде чемпионат пен Кубокта 16 гол соққан.
Фомин – «Атырау» құрамындағы екінші украиндық легионер. Маусым басталғалы ойнап жүрген жартылай қорғаушы Владимир АРЖАНОВ өзін жақсы көрсете білді, оның еншісінде екі гол мен төрт голдық доп берілімі бар. Өткен маусымда Фомин мен Аржанов одессалық «Черноморецте» бірге ойнаған еді. Клубтағылар машықтанған қос спортшының ойыны табысты болады деп үміттенеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ