Алматы. 18 маусым. ҚазТАГ – Сирияның химиялық қаруын жою аяқталып келеді. Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (ХҚТСҰ) мәлім еткендей, әу баста Сирия декларациялаған 1328 тонна химиялық қарудың енді 16 тоннасын жою ғана қалды.
ТАСС хабарлағандай, әңгіме фторлы сутегі жайлы болып отыр. Ол «Техастағы Veolia Environmental Services компаниясының химиялық зауытында жойылуы тиісті»
Ұйым мәліметтерінше, қазіргі кезеңде американдық Cape Ray кемесінде сириялық 600 тонна химиялық қаруды – иприт пен дифторид метилфосфонилін (жүйкені істен шығаратын улағыш заттарды, оның ішінде заринді өндіруге керек негізгі компанент) бейтараптандыру нәтижесінде алынған реакциялық массаларды жою аяқталды.
Мысалы, сарапшылар тобы 12 маусымда Германияда ипритті бейтараптандыру нәтижесінде алынған 335,5 тонна реакицялық массаның жойылғанын растады. Одан бір күн бұрын финдердің Ekokem Riihimki Waste Disposal Facility компаниясы дифторид метилфосфонилін бейтараптандыру нәтижесінде алынған 5463 тонна реакциялық массаның жойылғанын жариялады. Ол үдеріс Сириядағы улағыш заттардың жоюды қарастырған коммерциялық келісімшарттың бір бөлігі болып табылады. ХҚТСҰ инспекторлары жақын аралықта химиялық қарудың жойылғанын растау үшін сол нысандарға барады.
Сириялық бірінші қауіпті санатындағы химиялық заттарды Cape Ray кемесінде жою 2014 жылы 7 шілде мен 19 тамыз аралығында жалғасты. 581 тонна дифторид метилфосфонилін және 19 тонна ипритті жою кемеде орнатылған далалық екі жүйе көмегімен жүргізілді. Онда улағыш заттар су және химиялық реагенттермен араластырылуының нәтижесінде химикаттардың улылығы кем дегенде 99,9%-ға азаяды. Екінші санаттағы (онша қауіпті емес) химиялық заттар Ұлыбритания, АҚШ пен Финляндияның, сондай-ақ Сирияның өнеркәсіп кәсіпорындарында жойылды.
Қазір елде бұрын химиялық қару өндірген 12 нысанды да жою жалғасуда.
Дереккөз: ҚазТАГ