Мен Атырау облысы әкімінің мүгедектер мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Атырау облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы, билікке және монополистерге коммуналдық қызметтер үнемі қымбаттап жатқан кезде мүгедектердің ахуалына ерекше назар аударуларыңызды сұраймын. Тарифтер көтерілген кезде бұл оларға өте ауыр соғады. Мүгедектер халықтың осал тобы, бұлар онсыз да ғаріп болған жандар.
Бүгінде облысымызда мүгедектер саны 18 мың 500 адамнан астам, соның ішінде 5 мыңдайы әйел адамдар, мыңнан астамы мүгедек балалар. Атырау қаласындағы кейбір отбасында тіпті екі, үш, төрт мүгедектен бар. Мұндай санаттағы адамдардың отбасылық жағдайын қатаң ескеру керек. Мен монополистер билікпен бірігіп, мүгедектер үшін коммуналдық тарифті 50 пайызға төмендету мүмкіндігін тапса деген ұсыныс енгізгім келеді. Бұл аз мөлшердегі адамдарға қатысты, өйткені мүгедектер Атырау облысындағы халықтың 3,2 пайызын құрайды. Олар үшін тарифтің аз ғана төмен болғанынан ешкім зардап шекпейді деп ойлаймын.
Мен бүкіл аудандарға қоңырау шалдым. Кейбір аудандарда мүгедектерге көмектесетін ешкім жоқ, өйткені ол жерде демеушілер жоқ. Мәселен, Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарында дамыған өндірістік ұжымдар жоқ. Мәселенің осы жағын да бізге ұмытуға болмайтын секілді. Ал қала мен барлық аудандар бойынша нақты тізім бар. Оларды кез келген уақытта алып, тексеруге болады.
Манап Әбдірахимов, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы