АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ билік көздерінің мәліметтері бойынша, Бостондағы лаңкестік әрекетінің тергеу амалдарын жүргізген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жалған ақпарат берген Қырғызстан азаматы Хайрулложон Матанов бейсенбі, 18 маусым күні 2,5 жылға сотталады.
Сот үкімі Бостон сотында жарияланады. Биылғы жылдың наурыз айында Матанов тергеушілерге жалған ақпарат бергенін, сондай-ақ өз ноутбугының қатты дискісінен іске қатысы болуы мүмкін компьютерлік файлдарды жойып тастағанын мойындады.
БАҚ хабарлағандай, жас азамат айыптау тарапының ол үшін жеңіл жазаны сұрауға келіскен талаптарына осылайша көнген. Басқа жағдайда оған 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін болған.
Прокуратураның ақпаратынша, Куинси қаласында (Массачусетс штаты) тұрып, онда такси жүргізушісі болып жұмыс істеген Матанов Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың досы болған. Ол Бостон марафонындағы жарылыстардан кейін көп ұзамай полицияға барып, ағайындыларды танығанын айтты, деп жазады ТАСС.
Бұл ретте, прокуратураның сендіруінше, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен әңгімелесуде жас азамат Царнаевтармен етене жақындығын жасырды. Атап айтқанда, ол Бостондағы жарылыстарға дейін бірнеше сағат бұрын ағайындылармен түскі тамақ ішкенін айтпады. Осыған байланысты 2014 жылдың мамыр айында Матанов қамауға алынды. Бастапқыда ол өзінің кінәлі еместігін айтты.
Еске сала кетейік, 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостон қаласының орталығында марафонның мәре сызығына жақын жерде арада 12 секунд салып қатарынан екі жарылыс болды. Соның салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тан астамы жарақаттар алды. Американың билік көздері бұл жарылыстарды ағайынды Царнаевтар ұйымдастырып, орындады деген қорытынды жасады. Лаңкестік әрекеттен кейін бірнеше күн өткен соң ағайындылардың үлкені - Тамерлан полицейлермен болған атыс кезінде өлтірілді, ал кішісі Джохар жараланып, қамауға алынды.
Дереккөз: inform.kz