Атырау, 21 мамыр 04:31
 ашықВ Атырау +21
$ 511.59
€ 575.28
₽ 6.33

Бас прокуратура сәбилерге жыныстық зорлық-зомбылық көрсету деректерінің артып отыруына алаңдаулы

2 679 просмотра

Image 0Астана. 11 маусым. ҚазТАГ – Бауыржан Мұқанов. Бүгін бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті, онда ол сәбилерге жыныстық зорлық-зомбылық көрсету деректерінің артып отыруына алаңдаушылық таныты, деп хабарлады агенттік тілшісі.

Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, бас прокурор атап көрсеткендей, соңғы уақытта жыныстық зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жиілеп кетуі талқылынып отырған тақырыптың өзектілігін арттырып отыр. Соңғы бес жылдың ішінде осы саладағы тіркелген құқық бұзушылықтардың саны екі есеге өскен (2010 жылғы 1885-тен 2014 жылы 3623-ке дейін). Осы бір келеңсіз көрсеткіш биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша да сақталып отыр.

Бұл тұрғыда әсіресе сәбилерге жасалып жатқан ауыр қиянаттың артуы айрықша алаңдаушылық тудыруда. Әртүрлі жастағы балаларға төніп тұрған қауіп-қатерлер бүгінгі таңда өткір мәселеге айналып, ауқымды сипатқа ие болуда. 2010 жылы 491 сәби, ал 2014 жылы 943 сәби түрлі қаныпезерлердің құрбанына айналған. Бүгіннің өзінде осындай жан түршігерлік оқиғалар күн сайын тіркелуде. Үстіміздегі айдың басынан бері кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетудің 16 фактісі тіркеліп үлгерген.

Жыныстық қылмыстардың өршуіне бірқатар жағымсыз факторлар, оның ішінде бірінші кезекте адамгершіліктің жаппай құлдырауы кері әсерін тигізіп отыр. Бұдан бөлек, мұндай қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік ішімдік ішу салдарынын жасалып жатады. Жәбір көрген сәбилер тәрбиеленіп отырған отбасылардың төмен әлеуметтік жағдайлары да жағымсыз ахуалдың белең алуына жол ашатын факторлардың бірі болып табылады. Осы жағдайдың барлығын ғаламтор жүйесіндегі зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен порнографияны насихаттайтын құқыққа қайшы ақпараттың қолжетімділігі де барынша асқындырып барады.

Солай бола тұра, жыныстық қылмыстардың тергелуі мен ашылуының сапасына қатысты олқылықтар аз емес, істі созбалаңға салу, қылмысты жасыру фактілері көптеп кездеседі. Соңғы бес жыл ішінде жыныстық тиіспеушілікке қатысты үш мыңға жуық (2 988) қылмыстық құқық бұзушылық ашылмай қалған, оның ішінде 605 қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған. Хабар-ошарсыз жоғалған 444 әйелдің және 52 кәмелетке толмағанның тағдыры беймәлім, олар да жыныстық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін», - деді бас прокурор.

Дереккөз: ҚазТАГ

11 маусым 2015, 12:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.