Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ақ сұңқар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көне кітаптар көрмесі өтті.
Онда университеттің ғылыми кітапханасы мен Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорында сақтаулы тұрған ертеде басылып шыққан сирек кездесетін кітаптар қойылған. Олардың арасындағы ең көнесі 1789 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Дъянiя Петра Великаго, мудраго преобразителя Россiи; собранныя изъ достовърных источниковъ и расположенныя по годам» кітабы. Бұл баспақ терісімен қапталған 3 томдық кітап.
- Егер ең көне кітаптар туралы айтсақ, бізде 1750 жылы басылып шыққан Фирдоусидiң «Шахнамесi» сақтаулы, - дейді АМУ ғылыми кітапханасының директоры Ақмарал ДАУТҚҰЛОВА. Сондай-ақ, университет кітапханасының сирек кездесетін әдебиеттер қорында 18-ғасыр мен 20-ғасыр басында (1789-1945ж.ж.) басылып шыққан жүздеген кітап бар. Университет кітапханасының есігі студенттер мен ұстаздарға ғана емес, кез келген тілек білдіргендерге де ашық.
Ал облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана көрмеге 60 кітап қойды. Ең көнелері - 1873 жылы басылып шыққан Ф.М. Достоевскийдiң шығармалар жинағы мен 1886 жылы басылып шыққан И.А. Гончаровтың шығармалар жинағы. Кітап қорын сақтау бөлімінің кітапханашысы Гүлжихан НҰРТАЕВАНЫҢ айтуынша, сирек кездесетін кітаптар арасында әр түрлі жылдары шыққан «Опыт проектирования и строительства Жилого городка в Гурьеве» (авторлары - А.В. Арефьев пен С.В. Васильковский, 1950 ж.), «Большая Эмба», «Наша Эмба нефтяная», «Рыбы Каспийского моря» кітаптары мен басқа да кітаптарға деген қызығушылық басым.
Мұндай көрмелерді ұйымдастырушылар алдағы уақытта қаланың сауда-ойын-сауық орталықтарында өткізуді жоспарлап отыр.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор