Баланың жәрдемақысына ауыз салған
Исатай аудандық прокуратурасы Жылыой ауданының тұрғыны атынан түскен шағымға орай тексеру жүргізіп, бір жасқа толмаған балаға әлеуметтік жәрдемақының төленбеу фактісін растады.
Тексеру кезінде «Қазпошта» АҚ-ның бұрынғы қызметкерінің ауылдардың біріндегі пошта бөлімшесінен тиісті сенімхатсыз пошталық есеп-шоттағы бала күтіміне арналған басқа біреудің әлеуметтік жәрдемақы қаражаттарын өзі қол қойып алып, заңсыз иемденіп келгендігі анықталды. Осылайша шағымданушыға барлығы 81 968 теңге материалдық залал келтірілген.
Аудан прокурорының орынбасары Аслан ТҰРҒАНОВТЫҢ айтуынша, «Қазпошта» АҚ-ның бұрынғы қызметкеріне қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-тармағының 3-тамақшасы бойынша («Қызмет бабын пайдалана отырып жасаған алаяқтық») қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында айыпталушының жәбірленушімен татуласуына орай, ҚР ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігі («Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату») негізінде қылмыстық іс өндірістен тоқтатылды.
***
Балалар құқығын шектеді
Исатай аудандық прокуратурасы соңғы бес ай ішіндегі кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық фактілерін анықтады.
Тексеру кезінде 45 құқықбұзушылық анықталып, 7 адам тәртіптік, тағы 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы білім беретін орта мектептердегі мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарының сақталмай отырғандығы белгілі болды. Мәселен, 10-сынып оқушысына 1 қаңтар мен 16 ақпан аралығында ағылшын пәнінің мұғалімі үйде жеке оқыту сабағын жүргізбегендігі анықталды. Осындай фактілер жалғыз емес.
Аудан прокурорының аға көмекшісі Аманжол ҚАБДУЛОВТЫҢ айтуынша, бұл құқықбұзушылықтар бойынша облыстық білім беру саласында бақылау департаментіне ұсыныс енгізіліп, мектеп директорлары ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабы 1-тармағымен («Педагог жұмыскердің міндеттерін және педагогтік әдеп нормаларын орындамауы немесе тиісінше орындамауы») әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 19 820 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
***
Шаруалар полигоннан үмітті
Кеңес кезінде Ресейге жалға берілген Қызылқоға ауданындағы Тайсойған әскери полигонының 80 пайыз жері жергілікті шаруалардың иелігіне беріледі.
Бұған дейін жергілікті тұрғындар үйлерін заңдастыра алмай, шаруалар қожалық құра алмай келген болатын. Олар бұл мәселенің ақыры шешілетініне қуанып отыр.
- Жерді қайтару жөніндегі Ресей мен Қазақстан Қорғаныс Министрліктерінің арадағы келісімді бекітуі және ҚР Парламентінде ратификациялау ғана қалды. Тайсойған өңірінде 30-ға жуық шаруа бар. Олар тезірек шаруа қожалығын құрып, үй, қора-жайларын заңдастырып, мемлекеттен төленетін жәрдемақыға қол жеткізуді қалап отыр, - деді Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ.
***
Аукционға түскен жер телімдері
Құлсары қаласында жергілік-ті тұрғындардың қатысуымен алғаш рет жер телімдерінің сатылымы бойынша ағылшын тәсілімен аукцион өтті.
Бәссаудаға 40-қа жуық жел телімі қойылды. Сатылым бағасы бәске түсушілерге байланысты өзгертіліп отырды. Ауданда жер қат бола бастаған. Соның ішінде Құлсары қаласының ішінен жер сатып алу оңай емес. Қала орталығындағы 10 саты п алушының ішінде бір жер теліміне талас қызды. Нәтижесінде 70 мың теңгеге бағаланған жер 280 мың теңгеге сатылды.
- Бұрын-соңды Құлсарыда аукцион арқылы жер сатылып көрмегендіктен қатысушылар бірден түсініп кете алмады. Енді маусымның аяғында аукционның екінші кезеңі өтпекші, - дейді Жылыой ауданы әкімі орынбасары Жәрдемғали АХМЕТОВ.
***
Жарық та, газ да болады
Доссор кентіндегі Болашақ, Құрылысшылар және Шығыс ықшам аудандарындағы жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілген жер телімдеріне электр және газ желілерін тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Ол үшін облыстық бюджеттен 172,0 мың теңге бөлінді. Тапсырыс беруші - Мақат аудандық құрылыс бөлімі, мердігер - «Атырау Ж.Б.И.» ЖШС.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА