ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті тергеуді аяқтап, «Атырау» облыстық футбол командасының бұрынғы директорына қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады.
Департамент басшысының міндетін атқарушы Нұрлан ҚАМБАТЫРОВ былай деп хабарлады: «2015 жылдың 12 ақпанында «“Атырау" облыстық футбол командасының директоры А.Үмбеталиевке қатысты сот алдындағы тергеу басталған болатын. Нәтижесінде оған ҚР ҚК-ның 176-бабы 3-таормағының “б" тармақшасы бойынша («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе iрi мөлшерде ысырап ету») айып тағылды».
Тергеу нұсқасы бойынша, “Атырау" облыстық футбол командасының директоры жалған құжаттарды көрсету арқылы өзінің жеке кәртішкелік есепшотына ЖШС-тің бюджеттік ақшалай қаражатын аударған.
«Оған кепілдік түріндегі бұлтартпау шарасы алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда», – деп хабарлады департаменттен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ