27 мамырда Атырау-Орал тас жолында соңы өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы орын алды.
Шамамен сағат 17.30-да автотрассаның 233-ші шақырымында Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, аударылып кетті. ЖКО салдарынан 1967 ж.т. жолаушы оқиға орнында қаза болды.
Редакцияның ақпараты бойынша, қайтыс болған адам – Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Николай ШЕМАКИН. ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-тармағы («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жүргізуші ұйықтап кеткен деген болжам бар. Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі (апат БҚО аумағында болды және сол жақта тергелуде) әзірге түсінік беруден бас тартып отыр. Қолда бар ақпараттар бойынша жүргізуші ауыр жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА