Атырау, 21 желтоқсан 18:22
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 181 просмотра

Баскетбол

«Атырау Барыстары» баскетбол клубының баскетбол академиясының шәкірттері командасы Ұлы Новгородта өткен 2003-04 ж.т. ер балалар арасындағы халықаралық турнирде алтын медаль ұтты.

Турнирге Санкт-Петербургтің «Кировское» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ), «Тринта» («ЦСКА» БК резерві, Мәскеу қ.), «Ильмер» (Ұлы Новгород), №2 БЖСМ (Великие Луки қ.) командалары қатысты.

Команда жаттықтырушысы Александра ЛЫСЯКТЫҢ айтуынша, оның шәкірттері керемет ойын көрсетіп, барлық ойында да үлкен есеп айырмасымен ұтқан. Екінші орынды Санкт-Петербург командасы, үшінші орынды «Великие Луки» алды. Жазғы каникул басталысымен 2002 ж.т. барыстықтар Қостанай облысы Лисаковск қаласына ҚР чемпионатына аттанады. Сәттілік тілейміз!

***

Дойбы

Қалалық спорт бөлімінің қолдауымен оқушылар арасында өткен дойбыдан екі айлық жеке біріншілік марафоны аяқталды.

№24 мектептің спорт залында өткен турнирдің финалдық бөлігіне 12 мектептен 52 оқушы қатысты.

- Біріншілік өте жоғары деңгейде өтті, қатысушылар өткір, комбинациялық ойын көрсетті, - дейді бас төреші Еркін ҮСЕНОВ. – Ер балалар арасында үш жас ерекшелік тобында Арсен Ерсайынов (Амандосов атындағы мектеп, Алғабас), Ринат Мырзабаев (Еркінқала) және Нұрлыбек Марданов (№22 мектеп) чемпион атанды. Қыздар арасында - Айым Тұрдалы (№19 мектеп), Самал Амангелдиева (Жангелдин атындағы мектеп) және Данагүл Жұмалиева (№25 мектеп, Ақсай). Барлық ойыншылар қала құрамасы қатарына қосылды.

***

Пауэрлифтинг

Талдықорғанда тірек-қозғалыс аппараттары зақымданған мүгедек спортшылар арасында пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионаты өтті.

Жарыс барысында шілде айында Алматыда өтетін Азия чемпионатына қатысатын спортшылар іріктелді. Облыс намысын «Мүгедектердің спорт клубы» КМК-ның Ілияс Телеуғалиев, Индира Назарбаева, Нұрлыбек Исатаев, Нұржан Молдан, Қажымұхан Нұрмағамбетов, Әділхан Хамзин және Арман Балқанов сынды жеті спортшысы қорғады және қоржынға үш жүлде салды. 59 келіге дейінгі салмақта Н.Молдан 95 келі көтеріп және осы жас санаты бойынша Қазақстан рекордын жаңартып, жасөспірімдер арасынан бірінші, осы нәтижемен ересектер арасынан екінші орын алды. И.Назарбаева 81 келіге дейінгі салмақта 52 келі зілтемір көтеріп, екінші орын алды. Н.Молдан Азия чемпионатына дайындалу үшін ҚР құрамасы сапында оқу-жаттығу жиынына шақырылды.

***

Дзюдо

Ақтауда Ерқосай батырды еске алуға арналған 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында дзюдодан 7-ші халықаралық турнир өтті.

Жарысқа 12 облыстың командалары қатысты. Атырау Маңғыстау мен Жамбыл облыстарынан кейін командалық үшінші орын алды. Құрама қоржынында 60 келіге дейін Әділет Күлшім, 73 келіге дейін Нұрсұлтан Әбу және Дәурен Болатбекұлы жеңіп алған үш «қола» бар.

28 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.