Атырау, 26 желтоқсан 11:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

​Ипотекалық несие алушыларға көмек

2 817 просмотра

- Мен 2006 жылы доллармен ипотека алдым, кейін банктен валютаны теңгеге ауыстыруды талап еттім, бірақ банк бұдан бас тартып отыр. 2006 жылы мен төлеген ай сайынғы несие сомасы 42000 теңге болған, ал қазір 66 000 теңге төлеп отырмын. Ай сайынғы төлем 375 долларға шығып отыр. Банктің бас тартуға құқығы бар ма?

Телефон арқылы

Cұраққа ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ КҰЛБАРАҚОВ жауап берді:

- «ҚР-дағы банктер және банк қызметі туралы» 1995ж. 31 тамыздағы № 2444 ҚР Заңының (бұдан әрі – Банк туралы Заң) 34 бабына сәйкес банктiк қарыз операциялары банктің Директорлар Кеңесі бекiтетiн Ішкi кредит саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Iшкi кредиттік саясат туралы қағидаларда банктер дербес кредиттер беру шарттары, қарыздарды беруге болатын тұлғалардың санаттары, олардың қажетті төлем қабілеттілігінің критерийлері, соған қоса басқа да кредит беру шарттары анықталады. Iшкi кредиттік саясатты жүргізуші орган болып кредиттік комитет табылады.

Банктер туралы Заңның 7-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделгеннен басқа реттерде мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының кез келген түрде банкiлердiң қызметiне араласуына тыйым салынады.

Банктер туралы Заңға сәйкес, шетелдік валютамен несие алған қарыз алушыларға жеңілдіктер беру сұрақтары бойынша, соның ішінде несие валютасын конвертациялау Банктің уәкілетті органымен (кредиттік комитетпен) қаралады. Аталған өзгерістер мен толықтырулар банктік келісімшартқа қосымша келісімді ресімдеуді талап етеді.

Шетел валютасындағы несие шарттарын жасасу шарт тараптарының өз еріктерімен жасалғанын ескере отырып, мемлекеттік органдардың банктерден шетел валютасында берілген қарыздарды қайта құрылымдау немесе несие берілген күнге теңгеге шаққандағы валюта бағамын тең-геге индекстеуді талап ету құқығы заңнамамен қарастырылмаған.

ҚР Үкіметі және Ұлттық Банк Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу мақсатында Ұлттық Банктің қаражатынан 130 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.

Ұлттық Банк «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ты 130 млрд теңге сомасына үстеме капиталдандырады, ол, өз кезегінде, екінші деңгейдегі банктерде жылдық 2,99%-дық сыйақы мөлшерлемесімен 20 жыл мерзімге депозиттерді орналастырады. Бұл қаражатты банктер жеке тұлғалардың ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға жібереді.

2015 жылғы 10 сәуірде Бағдарлама Ұлттық Банктің Директорлар кеңесінде мақұлданды.

Бағдарламаның мақсаттары:

- қарыз алушылардың барынша көп бөлігі үшін ипотекалық қарыздарды өтеу талаптарын жеңілдету;

- проблемалық кредиттер деңгейін төмендету;

- экономиканың долларлану деңгейін төмендету.

Бағдарламаның негізгі өлшемдеріне сәйкес қарыз алушының және оның жұбайының (зайыбының) жалғыз баспанасы кепілге салынған, 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздар қайта қаржыландыруға жатады.

Қарыздар мынадай талаптармен қайта қаржыландырылады: жылдық 3%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша, валюталық қарыздарды теңгеге конвертациялау, қарыз мерзімін 20 жылға дейін ұлғайту.

Осы бағдарлама ең алдымен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын ипотекалық қарыз алушыларға; шетел валютасымен ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға; ұлттық валютамен ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыз алған және мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталады.

Сондай-ақ, заңды күшіне енген сот актілері бар ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздар Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға жатады.

Қарыздарды қайта қаржыландыру мынадай басымдықпен жүзеге асырылады:

- ҚР-ның заңнамасына сәйкес 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын қарыз алушылардың ипотекалық тұрғын үй қарыздары/ипотекалық қарыздары;

- ипотекалық тұрғын үй қарыздары;

- ипотекалық қарыздар.

Шетел валютасында берілген қарыз бойынша қайта қаржыландырылатын соманы айқындауды банктер қайта қаржыландыру күніне Ұлттық Банктің ресми бағамы бойынша жүзеге асырады.

Қайта қаржыландыру күніне заңды күшіне енген сот актісі бар қарыз бойынша қайта қаржыландырылатын соманы айқындау негізгі борыш сомасы бойынша жүзеге асырылады:

- теңгемен – сот актісіне сәйкес;

- шетел валютасында – сот актісі шыққан күні Ұлттық Банктің ресми бағамы бойынша теңгедегі баламасымен.

Қайта қаржыландыруға кепілмен қамтамасыз етілген ипотекалық тұрғын үй қарыздары/ипотекалық қарыздар жатады, олар мынадай критерийлерге (жиынтығында) сәйкес келетін тұрғын үй түрінде:

1) тұрғын үй 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚР аумағында қарыз алушы және оның жұбайы (зайыбы) үшін жалғыз болып табылған;

2) жалпы көлемі жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортына немесе құрылысқа үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес 120 (бір жүз жиырма) шаршы метрден аспауы тиіс. Мұндай талап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын көп балалы қарыз алушылардың тұрғын үйіне қолданылмайды.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты қарыз алушы аталған бағдарлама бойынша қайта қаржыландырылу үшін Банкке өтініш білдіруі қажет.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

28 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.