Көптеген тасымалдаушылардың баға саясаты бойынша, билетті алдын ала сатып алған кезде едәуір үнемдеуге болады. Бірақ белгілі бір себептермен сапардан бас тартқан жағдайда ақшаңызды жоғалту қаупі бар.
НЕҒҰРЛЫМ ЕРТЕ БОЛСА, СОҒҰРЛЫМ АРЗАН
Тасымалдаушылар жолаушыларды ертерек орындарды брондауға және жол жүру билеттерін сатып алуға ынталандырады. Мәселен, 16-30 тәулік бұрын халықаралық бағыттағы теміржол билетін сатып алған кезде 10-15 пайыз үнемдеуге болады. Ал, егер билет 31-45 тәулік ішінде алынса, үнем 20-30 пайызды құрауы мүмкін.
Сапардан бас тартқан жағдайда жолаушы кассаға пойыз жүргенге дейін 24 сағаттан кешікпей барса, билеттің құнын толықтай қайтарып ала алады (комиссиялық алымды қоспағанда). Содан кейін пойыздың қозғалу уақыты жақындаған сайын қайтарылатын сома да аз болады. Әуе тасымалдаушыларына қатысты жағдай басқаша. Жоспарланған сапардан бірнеше ай бұрын билет сатып алған кезде екі есеге дейін үнемдеуге болады. Бұл арнайы тариф бойынша ең арзан әуе билеттері, бірақ олар... қайтарылмайды. Мұндай билетті ресімдеген кезде әуе компаниясының өкілдері билетті басқа датаға қайта ресімдеуге немесе оны тапсыруға болмайтынын ескертеді. Яғни, егер сіз сапарыңыздан бас тартсаңыз, онда билет алған ақшаңыз «күйіп кетеді».
ТҮГЕЛ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ЕМЕС
Арнайы тариф бойынша алынған билетті қайтару кезінде азғана болса да ақшаны қайтарып алуға бола ма деген сұрақпен біз «Эйр Астана» әуе компаниясына хабарласқан едік. Жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджер Тілек ӘБДІРАХИМОВ былай деді:
- Қайтарымсыз деп аталатын билетті тапсыру кезінде пайдаланылмаған алымдар – отын алымы мен әуежайдың жолаушылар алымы қайтарылуға тиіс. Бұл ереже пайдаланылмаған билет толықтай қайтарылған кезде немесе ішінара қолданылған, бірақ ұшу пунктінен бастап ұшу сегменттерін жүйелі пайдаланған кезде қолданылады. Егер ұшу сегменттері жүйесіз қолданылса, онда тек әуежайдың жолаушылар алымы ғана қайтарылуға тиесілі. Мұндай билетті тапсырған кезде жолаушыға сатып алған жеріне немесе «Эйр астана» әуе компаниясының өз сату кеңселеріне хабарласу керек.
Қайтарылмайтын билеттер құнының бір бөлігін отын және әуежайдың жолаушылар алымы түрінде қайтару мүмкіндігін бізге басқа қазақстандық әуе тасымалдаушылар да растады. Қайтарылған қаржы сомасы 30-40 пайызға дейін жетуі мүмкін. Қалай дегенмен де, жоқтан жақсы.
САҚТАНДЫРУҒА БОЛАДЫ
Бүгінде бірқатар сақтандыру компаниялары төленген туристік сапарлардан бас тартуға мәжбүр болу салдарынан пайда болатын ықтимал материалдық шығындардан сақтандыру секілді қызмет ұсынады.
Егер сапар төмендегі себептер бойынша жүзеге аспаса, сақтандырудың осындай түрі бойынша өтемақыға кепілдік беріледі:
- сақтандырылушы жазатайым оқиға салдарынан еңбекке жарамсыздық алса немесе сырқаты бойынша ауруханаға жатып қалса;
- сақтандырылушы немесе оның жақын туысы (анасы, әкесі, әйелі, күйеуі, балалары, туған бауырлары) қайтыс болса;
- табиғи апаттың, өрттің, апаттың немесе үшінші тұлғаның заңға қайшы әрекетінің салдарынан сақтандырылушының жеке мүлкіне материалдық зиян тигізілсе;
- табиғи апат, зілзала, апат салдарынан тұрақты мекенжайынан шығу мүмкін болмаса;
- күтпеген жерден тергеу немесе сот шараларына қатысса;
- консулдық қызметтер, шетелдік елшіліктер шығу (транзиттік) визасын беруден бас тартса.
Ал төменде тізім сақтандырылатын жағдайлар болып табылмайды:
- созылмалы сырқатын емдеу үшін сақтандырылушының жоспарлы түрде ауруханаға жатуы, шипажай-курорттық ем алуы және т.б.;
- қалпына келтіру, пластикалық және косметикалық операциялар жасатуы;
- сақтандырылушының өз-өзіне қол жұмсауы немесе әрекет етуі;
- сақтандырылушының есірткі, уландыратын немесе алкогольдік масаю салдарынан алынған жарақаттарды, зақымдарды емдеуі;
- сақтандырылушының заңға қайшы әрекеттерге қатысуы;
- егер сақтандыру келісімшарты ұзартылмаса, турфирманың немесе көлік компаниясының бастамасымен немесе кінәсінен шығу мерзімі ауыстырылған кезде;
- әскери іс-қимылдар, әскери немесе төтенше жағдай енгізілсе, бүліншілік, азаматтық толқулар, лаңкестік актілердің салдарынан тұрақты мекенжайдан шығу мүмкін болмаған жағдайда.
Бұл сақтандыруды сақтандыру компаниясында тур сатып алынатын туроператор да, туристің өзі де ресімдей алады. Өзі ресімдеген жағдайда сақтандыру компаниясына барып, алынған тур бойынша құжаттарды немесе егер турист өзі саяхаттайтын болса, жол жүру билеттерін ұсынса жеткілікті.
Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА