Атырау, 28 қараша 12:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Атырау-Индер» тас жолының жөндеуі маусымда бітеді

4 109 просмотра

Image 02013 жылы басталған облыстық маңызға ие «Атырау-Индер» тас жолын күрделі жөндеу жұмысы биылғы тамыз айында толық бітеді деп жоспарланып отыр.

Жайықтың Бұқар жақ бетіндегі Махамбет және Индер аудандарына қарасты ауылдар тұрғындарының мәселесі жөнінде Махамбет ауданы Есбол ауылының тұрғыны Абзал аға айтып берді:

- Қыс кезінде Жайықтың мұзынан өтіп, Орал-Атырау тас жолы арқылы қатынас жасауға тура келді. Ал мұз ерігенде жағдайымыз одан сайын мүшкілденіп, қайықпен өтуге тура келетін. Баратын жерімізге жету үшін бірнеше сағатымыз кетеді.

«Атырау-Индер» тас жолы күрделі жөндеуден өтеді деген хабарды естіген жергілікті тұрғындар қатты қуанды. «Атырау-Индер» тас жолын күрделі жөндеу жұмысын өз міндетіне алған мердігер - «АтырауИнжСтрой» ЖШС болса, қосалқы мердігер - «АтырауИнждорСтрой» ЖШС екенін еске салып өтейік.

- Уақ тас (щебень) төсеу жұмыстары өткен жылы жүргізілген болатын. Биыл асфальттау жұмыстары жүріп жатыр, - дейді «АтырауИнждорСтрой» ЖШС учаске бастығы Жұмажан ҚАУЫСБАЕВ. - Енді Индерге дейінгі 14 шақырым жолды асфальттау қалды. Жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр, жөндеуді мерзімінен бұрын, тамызда бітіруді көздеп отырмыз.

Бүгінде тас жолдың бойындағы аялдамалар, су құбырлары, демалыс алаңқайлары және әжетханалардың құрылыстары бітіп тұр. Жеке кәсіпкерлер жол маңынан шайханалар құрылысын жүргізуде. Қазір жолшылар аялдамаларға дейін тротуар төсеуде (суретте). Сонымен бірге, қазір ауылдардың көшеішілік жолдарын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жолшылар Махамбет ауданындағы Есбол ауылының 6 шақырым кірме және көшеішілік жолдарының күрделі жөндеу жұмысын жақын арада бітіруді жоспарлап отыр. Одан бөлек, Индер ауданына қарасты Құрылыс (4 км), Бөдене (4,6 км), Жарсуат (6,8 км) ауылдарының кірме және көшешілік жолдарын күрделі жөндеу жүруде.

«АтырауИнждорСтрой» ЖШС директоры Бөлек ӘЛМЕНБАЕВТЫҢ айтуынша, олар ауылішілік жолдарды тез арада бітіру үшін бар күш-жігерін жұмсауда.

- Биылғы көктемнің жаңбырлы болуы жұмысты тез бітіруге үлкен кедергі келтірді, - дейді Б.Әлменбаев. - Атырау-Индер тас жолының күрделі жөндеуін маусымның ортасында, ал ауылішілік жолдарды жөндеу жұмысын тамызда толық бітіреміз деп отырмыз. Индербор кентіне дейінгі 2 шақырым жол облыстық маңызға ие жолға жатпайды, сондықтан, бұл учаскені жөндеуге қаржы қаралмаған.

Ал, бұған қатысты Индер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Орынғали ХАСАН Индербор кентіне дейінгі 2 шақырым жолды күрделі жөндеуге бюджеттен қаражат бөлінгенін, оның биыл жөндеуден өтетінін хабарлады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

28 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.