24 мамырда «Мұнайшы» стадионында «Атырау» командасы футболдан ел чемпионатының 13-туры аясында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдады.
Ойындағы негізгі оқиғалар кездесудің аяғына таман өрбіді. 74-минутта алаң иелерінің қақпасына «Ордабасының» сербиялық қорғаушысы Бранислав ТРАЙКОВИЧ гол соқты. Осы оқиғадан кейін төрешімен дауласқаны үшін «Атыраудың» сенегалдық ойыншысы Абдулайе ДИАКАТЕ алаңнан қуылды. Бір ойыншысы кем болса да, алаң иелері толассыз шабуылдарға көшті. Ойынның 89-минутында «Атырау» құрамындағы украиналық легионер Владимир АРЖАНОВҚА сәттілік жолдас болып, есепті теңестірді. Матч осы 1:1 тең есебімен аяқталды.
Осы ойыннан кейін командамыз турнир кестесінде гол айырмашылығымен ғана «Астанадан» кем түсіп, үшінші орынға табан тіреді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ