Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі (балық қорғау) аумақтық инспекциясы көктемгі балық аулау маусымының алдын ала қорытындысын жасады.
Ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің бастығы Мәншүк ТЕМЕШЕВАНЫҢ айтуынша, балық аулау кооперативтерінің жалпы балық түсімі өткен жылғы көктемгі балық аулау маусымына қарағанда үш есеге көп екен.
Балық аулаумен 19 артель айналысуда. Жайық өзені бойынша бөлінген 5 884 тонна жылдық квотаның 1 143 тоннасы, теңізден аулау квотасы бойынша 8 665 тоннаның 2 913 тоннасы игерілді.
Жайық бойынша ең көп балық аулаған «Ракуша» кооперативі, алайда теңізден балық аулайтын ең алыс тартым соларда – Бугорки саяжай поселкесінің маңында. Олар көктемде жылдық балық аулау жоспарының 67,1%-ын орындады.
Теңізде «Ақсу-Қиғаш» пен «Сев Каспий Фиш» ЖШС-лері бәрінен көп балық аулап, тиісінше 60,1% және 59,1% жылдық квотаны игерді. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде балық аулау нәтижелері әлі нақтыланған жоқ, өйткені биыл Балық шаруашылығы комитеті Қиғаштағы балық аулау маусымын («балық демалысы» күндерін есептегенде) 15 күнге ұзартқан еді. 21 мамырда ол жерден 4 471 тонна квотаның 2 125 тоннасы ауланды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ