Сеулде өткен халықаралық жарыста қола жүлде алған атыраулық дзюдошы Әнуарбек САРИЕВ 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Параолимпиадалық ойындарға қатысатын лицензияға ие болды.
Ол ұшақтан түсе сала Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау бөлімшесінде өткен баспасөз конференциясына келді. Олимпиадалық лицензия алудан тағы бір үміткер – отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрама командасы жаттығу жасайтын «Мүгедектердің спорттық клубы» тікелей байланыста болды.
Дзюдошының жаттықтырушысы Мейіржан ЕСМАҒАНБЕТОВТЫҢ айтуынша, Әнуарбек дзюдомен бала кезінен бері айналысады екен, 2014 жылы жарақатына байланысты ол мүгедектер клубына ауысады. Содан бері әлем чемпионаты мен үш халықаралық турнирге қатысып үлгерген. Әнуарбектің алдында тағы екі халықаралық турнир мен ең бастысы, Параолимпиадалық ойындар күтіп тұр.
- Тек біздің облысымызда ғана мүгедек спортшылар үшін Балықшыда бөлек спорт кешені бөлінген және онда 13 спорт түрімен айналысу үшін барлық жағдайлар жасалған. Бүгінде сол жерде 200-ге жуық адам жаттығу жасайды. Нәтижесінде бізден екі арбамен билеуден Қазақстан чемпионы Руслан АЙТПАЕВ пен Қуаныш ТӘЖІКОВ, пауэрлифтингтен еліміздің екі дүркін чемпионы Нұржан МОЛТА, үстел теннисінен Азия чемпионатының жүлдегері Шынар КЕНЖЕБАЕВА шықты. Біздің отырып ойнайтын волейбол командасы төрт дүркін Қазақстан чемпионы, Азия және әлем чемпионаттарының күміс жүлдегерлері атанды, - дейді Атырау облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВ.
Облспорттың басшысы материалдық-техникалық базаларды нығайту туралы айтты. Жеті ауданда 5 стадион қайта жаңғыртылып, Исатай мен Индер ауданында екі жаңа стадион салынып жатыр. Исатай, Махамбет және Жылыой аудандарында спорт кешендері салынады. Биыл Байда және Шортанбай ауылдарындағы шағын спорт кешендерінің, сондай-ақ Нұрсая ықшамауданындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталады.
Жоғары спорт шеберлігі мектебінің жұмысы өз жемісін бере бастады: Дзюдошы Сұңғат ЗАКАРЬЯЕВ Кореяда өтетін Универсиадаға, Эльмира САМИҒОЛЛАЕВА мен Мұрат ДОШАҚАЕВ Австралияда өтетін дзюдодан халықаралық турнирге дайындалып жатыр. Еркін күрестен Бакуде өтетін мәртебелі турнирге спортшыларымызды қатыстыру жоспарланып отыр. Сол жерде Лас-Вегаста өтетін әлем чемпионатына баратын лицензиялар сарапқа салынады.
- Өкінішке орай, тек біздің облыста ғана дарынды балаларға арналған спорттық интернат жоқ. Сонымен қатар, өңірімізге спортшылардың денсаулығын тексеріп, ем жасайтын физикалық диспансер керек, жоғары дәрежелі спорттық жетістіктерге жету үшін үлкен күш-қуат жою керектігі баршамызға белгілі, - дейді Н. Есмұханов.
Осы жазда Атырауда алғаш рет мәртебелі іс-шара – Қазақстанда ескек есу спортының құрылғанына 60 жыл толуына арналған байдарка мен каноэде есуден еліміздің IV Спартакиадасы өтеді. Облыстың аға жаттықтырушысы Николай БОГАЧКИН атыраулық ескек есу спортының бұрынғы даңқын қайта оралуға байланысты осы жарыстан үлкен үміт күтіп отыр.
- Облысымызда ескек есуден алғашқы команда 1955 жылы пайда болды. Содан бері біздің спортшыларымыз Қазақ ССР және ҚР чемпионаттарының 900-ден аса жүлдесін алды. Соңғы кездері біздің спорт түрімізге қызығушылық күшейіп келеді, қазір 90-ға жуық спортшы ескек есумен айналысып жатыр. Облыс құрамасында 10 ескекші жаттығу жасауда, олардың ең басты мақсаттары – ұлттық құрама сапына өту. Міне, осы спартакиаданың нәтижелері бойынша Қазақстан құрамасына іріктеу жүргізіледі және бағы жанғандар Миланда өтетін әлем чемпионатына қатысады. Ал сол жерде Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына баруға құқық беретін лицензиялар сарапқа салынады, - дейді Н. Богачкин.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор