Қырғызстан парламенті сессиясы. (Көрнекі сурет). Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қырғыз депутаттарын шетелден қаржы алатын және "саяси іс-әрекетпен" айналысатын жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды "шетел агенті" ретінде тіркеуден өтуге міндеттейтін заң жобасын мақұлдамауға шақырды.
HRW-дың 21 мамырда таратқан мәлімдемесінде "үкіметтік емес ұйымдар жұмысына мұндай орынсыз килігу ассоциация еркіндігіне қайшы келеді" делінген. Онда дайындалып жатқан заң жобасы Қырғызстанның мемлекеттік және халықаралық деңгейде адам құқықтарына қатысты өзіне алған міндеттемелерін "белден басатыны" айтылады.
19 мамырда парламенттің адам құқықтары жөніндегі комитеті заң жобасын парламенттің толық құрамының қарауына шығаруды мақұлдаған. Құжаттың алғашқы оқылымы таяу күндерде өткізілуі тиіс.
2012 жылы Ресейде де дәл осындай заң қабылданған. Құқық қорғаушылар мен батыс елдері мұндай заң тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдарды басуға арналған деп мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық радиосы