Бүгін Францияда Сауд Арабиясы ханзадасының кортежіне қарулы шабуыл жасау оқиғасына қатысты тергеу барысында 9 адам тұтқындалды. Тонау өткен жылы жазда Парижде орын алған, деп хабарлайды France-Presse (AFP) агенттігі.
Күдіктілер Франция астанасының сыртындағы қалашықта құрықталды. «Алдын ала мәліметтер бойынша, олар осы қылмысты жасады деп айыпталуда. Олардың көбі жағдайы нашар аудандардың тұрғындары», - дейді құқық қорғау органдарындағы ақпарат көзі AFP агенттігіне берген сұхбатында.
Сауд Арабиясы патшалық отбасының өкіліне жасалған қарулы қарақшылық 2014 жылы тамызда болды. Қаскөйлер нысанасына Сауд Арабиясының қайтыс болған патшасы Фахд ибн Абдул-Азиз Әл Саудтың (1921-2005) ең кенже ұлы – ханзада Абдул-Азиз бен Фахдты алған. Оқиға мемлекеттің жоғары мәртебелі мейманы Ле-Бурже әуежайына қайтып бара жатқан жолда Париж қаласының сыртында орын алған.
Ханзаданың автокөлігіне автоматпен қаруланған бірнеше адам шабуыл жасайды. Олар 250 мың еуроны қанжығалапты. Сондай-ақ ханзаданың жеке заттарын, дипломатиялық миссияның маңызды құжаттарын қолды еткен. Оған қоса, қарақшылар Сауд Арабиясының делегациясы мінген көліктердің бірін айдап кетті деген ақпарат бар. Абырой болғанда, тонаушылардың ешқайсысы оқ атпаған, жараланған ешкім жоқ.
Дереккөз: bnews.kz
19 мамыр 2015, 09:55
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.