ҚР Қаржы министрлігінің жұмыс бұйрығы шетелдік интернет-дүкендерін пайдаланушы қазақстандықтардың арасында күтпеген жерден қызу реакция тудырды. Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті бұл онлайн-шоппинг әуесқойларының мүдделеріне еш әсер етпейді деп жауапкершілікпен мәлімдеді.
«БІР ҚОЛҒА ЕКІ ДАНАДАН»
- Қаржы министрі Б.Сұлтановтың бұйрығы - жеке тұлғалар Кедендік одақтың кедендік шекарасынан алып өтетін тауарларын жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызудың критерийлерін бекіту туралы, - деді Мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының басшысы Асқар СӘРСЕКЕНОВ. - Интернет арқылы сатып алушылардың мұны неліктен өздеріне қабылдап отырғаны түсініксіз.
Кеденшінің айтуынша, бұйрықта егер жеке пайдалануға арналған алып жүретін немесе алып жүрмейтін жүк шетелден әкелінетін болса, онда оның құны мен салмағы мына шеңберде шектеледі: әуе тасымалдаушымен 50 келіге дейін және 10 мың еуродан аспайтын сомада; басқа көлікпен – 50 келіге дейін және құны 1500 еуродан аспайтын сомада.
- Алып жүретін тауар – бұл егер сіздің өзіңіз сол ұшақпен ұшсаңыз, алып жүрмейтін – егер жүк әуежайдан күтіп алу шартымен жіберілген болса, - деп түсіндірді Сәрсекенов.
«Жеке пайдалануға арналған» белгі жүкті әкелуші немесе алушыға арналған тауардың бір түрінің сандық шектеуін білдіреді. Егер қысқа да нұсқа айтар болсақ, «бір қолға екі данадан» деген мағынада.
Бәрі айқын секілді көрінген. Алайда бұл бұйрық жете білмеушілік салдарынан жүйкелері сыр бергіш интернет-шоппинг пайдаланушыларды ғана емес, кәсіпқойларды да алаңдатты. Жедел тасымалдаушылар, атап айтқанда, DHL курьерлік қызметі бір апта бойына үйреншікті режимінен ауытқып, тіпті аздаған түсініспеушілікке тап болды. Тағдырдың тәлкегі болар, оған менің редакциядағы әріптесім түрткі болған. Ол ресімдеген шағын тапсырысты жеткізуші неліктен екені белгісіз, екі бөлек орамамен жіберген. Егер біріншісін еш кедергісіз алса, екіншісін кедендік тазартусыз беруден бас тартқан. Құны 8000 теңге тұратын шалбардың кедендік тазарту құны 12 мамырда... 30 000 теңгені құраған. Рас, екі күннен соң, оған қоңырау шалып, сәлемдемені баж салығы мен ҚҚС төлемей-ақ алып кетуді ұсынған. Бұл не сонда?
«500 СӘЛЕМДЕМЕ ЖИНАЛЫП ҚАЛДЫ»
- Министрдің бұйрығы 2015 жылдың 2 мамырында қолданысқа енді, - дейді қолайсыз ахуалға комментарий берген «DHL Express» компаниясының Батыс Қазақстан бойынша директоры Нұрлан ӘУБЕКЕРОВ. – Ол жерде жеке пайдалануға арналған жүктерге белгілі бір шектеулер енгізіледі деп жазылған. Түсініктеме болған жоқ. Яғни, бұл сөздердің ауыспалы мағынасын берді: жеткізумен айналысу үшін «жеке пайдалануға арналған» деген тұжырым түрлі жолмен әкелінген жеке пайдалануға арналған бүкіл тауарларды – курьер немесе өз шабаданымен әкелетін сәлемдемені білдіреді... Мәтінді түрліше түсіндіруге болады. Сондықтан біздің компания Мемлекеттік кірістер департаментіне екі түрлі тұжырым бойынша егжей-тегжейлі түсінік беру өтінішімен ресми хат жолдады. Біз 13 мамырда жауап алдық. Сол күні Мемлекеттік кірістер комитеті өз сайтына №250 бұйрықтың тек жеке пайдалануға арналған алып жүретін немесе алып жүрмейтін жүктегі жеке пайдалануға арналған тауарларға тиесілі екенін және DHL Express компаниясының жүк тасымалы жататын тасымалдаушылар жіберетін тауарларға тиесілі емес деп түсіндірген мәлімдемені жариялады.
Біз жауап күтіп отырғанда, ретсіздік басталып кетті – бір сәлемдемені біз кедендік тазартудан өткізсек, екіншісіне жаңа бұйрық бойынша түсінік берілуін күтіп отырғанымызды түсіндірдік. Ол бойынша жалпы белгіленген тәртіппен кедендік тазартудан өтуі тиіс болды. Көпшілігі бұл сәлемдемеден бас тарта бастады. Басқалары, соның ішінде, сіздің әріптесіңіз, жалпы белгіленген тазарту құнын сұрады. Біздің компанияның қолданысындағы тариф бойынша тауар декларациясымен кез келген жүкті кедендік тазартудың брокерлік қызметі 27 мың теңгені құрайды, оған ілеспелі қосымша қызметтерді қосыңыз. Бұл баға осылай пайда болды, бұл қызмет үшін тауар құнының маңызы жоқ екенін атап өтемін.
Кедендік тазарту сомасын, Әубекеровтің айтуынша, тауардың түріне қарай баж салығы, ҚҚС, кедендік алымдар мен қосымша төлемдер құрайды.
- Алайда бұл күндері түскен бірде-бір сәлемдемеге біз тауар декларациясы бойынша кедендік ресімдеу процедурасын өткізгеніміз жоқ, Комитеттен бұйрыққа берілетін түсіндірмені күттік, - дейді Әубекеров. – Біз тек осы қызметтің құнын сұраған тұтынушыларға ақпарат бердік.
- Кері жіберілген жағдайлар болды ма?
- Жоқ, біз адамдарға сәлемдемеден бас тартпай күте тұруды ұсындық. Осы аптада бізде 500-дей сәлемдеме жиналып қалды. Бүгінгі күні олардың бәрі мекенжайлар бойынша жеткізілді.
Осылайша, интернет-шопинг үшін жағдай бұрынғыша қалды. Естеріңізге салсақ, 2010 жылдың маусымында қол қойылған келісімге сәйкес, көлік құралдарын қоспағанда, тасымалдаушы бір алушының атына күнтізбелік бір ай ішінде әкелетін, жеке тұлғаның мекенжайына жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарлар үшін нормалар мынадай: кедендік құны 1 мың еуроға баламалы сомадан және салмағы 31 келіден аспайды.
12 мамырда ҚР қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Жамбыл СҰРАҒАНОВ түсіндіргендей, «сіз 10, 100 еуроға өзіңізге он сәлемдемеге тапсырыс бере аласыз, алайда олардың салмағы мен құны бір күнтізбелік айға қосқанда 1000 еуродан және 31 келіден аспауы тиіс».
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Біз атышулы бұйрыққа сәйкес жеке пайдалануға арналған» тауарлар тізімін жариялап отырмыз. Өйткені ол виртуалды емес дүкендерден сауда жасауды жөн көретін сатып алушылардың басым бөлігінің мүддесіне нұқсан келтіріп отыр.
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалар өткізетін тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызудың критерийлері
1. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалар өткізетін тауарлардың сипаттамасы мен санына, сондай-ақ тауарларды өткізу жиілігіне байланысты, жеке пайдалануға арналған тауарларға мыналар жатпайды, егер:
1) мұндай тауарлар: шикізат; тауарларды өндіру үшін арналған, жартылай фабрикаттар; жиынтықтаушы бұйымдар болып табылса;
2) олардың саны мынадай көрсеткіштерден асса:
киiм және киім заттары – бiр адамға бiр атаудағы, мөлшердегi және үлгiдегi екi зат;
төсек-орын керек-жарақтары – бiр адамға бiр түрдегi екi жиынтық;
кілемдер және басқа еденге жаятын тоқымалар – бiр адамға бiр атаудағы екi зат;
бас киiмдер – бiр адамға бiр атаудағы, мөлшердегi және үлгiдегi екi зат;
аяқ киiм – бiр адамға бiр атаудағы, мөлшердегi және үлгiдегi екi зат;
аң терісінен жасалған бұйымдар - бiр адамға бiр атаудағы, мөлшердегi және үлгiдегi бiр зат;
былғарыдан жасалған бұйымдар - бiр адамға бiр атаудағы, мөлшердегi және үлгiдегi бiр зат;
дәретханалық керек-жарақтар мен парфюмериялық-косметикалық бұйымдар - бiр адамға бір атаудағы үш зат;
тамақ өнiмдерi – бiр адамға он килограмм;
ұялы телефон – бір адамға екі бірлік;
планшет – бір адамға екі бірлік;
портативті тасымалданатын компьютерлер және олардың керек-жарақтары (ноутбук, нэтбук) – бір адамға екі бірлік;
тұрмыстық техника және электр аспаптары – бiр адамға әр атаудағы бiр зат;
зергерлiк бұйымдар – бiр адамға бес зат;
велосипед – бiр адамға бір дана;
бала арбасы – бiр адамға бір дана;
жеке пайдалануға арналған жоғарыда аталмаған басқа да заттар - бiр адамға әрбiр атаудағы екi зат;
2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғаның және өту (немесе) оның тауарларды өткізу жиілігі айына бip реттен аспайды.
3. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, егер олардың саны жылына бір бірліктен асса, кәсiпкерлiк қызмет мақсатына арналған деп қарастырылады.
4. Көрсеткiштер бұрын пайдалануда болған тауарларға (жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда) қатысты қолданылмайды.