Атырау, 28 қараша 12:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

ҰБТ: қатаң қадағаланады

2 487 просмотра

Image 0ҰБТ-ға енгізілген жаңалықтар туралы Орталық коммуникациялар қызметі филиалында өткен конференцияда №30 Тестілеу орталығының жетекшісі Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА айтып берді.

Біріншіден, жауап парақшалары, сұрақ кітапшасы сияқты емтихан материалдарын түлек жауап беріп болғаннан немесе тестілеу уақыты өткеннен кейін білім министрлігінің өкіліне жеке-жеке тапсырады. Ол парақшаның барлық қызметтік секторлары мен сұрақ кітапшасының мұқаба бетшесінің толтырылуын тексереді және содан кейін ғана түлектің аудиториядан кетуіне рұқсат беріледі. А. Дүйсекенованың айтуынша, бұл шара министрлік өкілінің жанына оқушылардың жиналуын, сондай-ақ түлектердің өзара сөйлесуі мен бір-бірінен көшіруін болдырмайды. Бұрын талапкерлер емтиханға бөлінген уақыт аяқталғанда осы қағаздарды барлығы бірден беретін еді. Екіншіден, дәлелді уәж келтірілмей (толық түсінік, есептердің шығару жолдары) берілген апелляция өтініші қаралмайды. Яғни, талапкер өзінің дұрыстығын дәлелдеуі керек. Үшіншіден, ҰБТ балдарын орта білім алғаны жөнінде аттестат бағаларына көшіруде талапкердің жалпы жылдық бағасы есепке алынатын болады. Бұл жағдайда аттестатқа жылдық балмен есептелген баға салынады да, ал ҰБТ-дан өткендігі туралы куәлікке талапкердің емтиханда жинаған балдары қойылады. Төртіншіден, жалпы қарауға ілінген ҰБТ нәтижелері бетшесінде талапкердің аты-жөндері емес, ЖСН мен ТЖК (тест тапсырушының жеке коды) жазылады. Тестілеу нәтижелерімен түлектер Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтынан өз деректерін енгізе отырып таныса алады.

- Биыл Исатай ауданындағы Абай атындағы орта мектепте жаңа ҰБТ тапсыру орталығы ашылады. Бұрын Исатай ауданының оқушылары алдымен Құрманғазы ауданына, кейін облыс орталығына келіп тапсыратын. Енді біздің барлық аудандарда тестілеу жүргізу орталықтарымыз бар, - деп хабарлады облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА.

- Тестілеу орталықтары 10 темір іздеуші аспаппен, 100 бейне камерамен, 87 ұялы телефон сигналдарын тұншықтырғышпен және 21 бейне тіркегішпен жабдықталды.

Биыл облыс мектептерін 4827 оқушы аяқтайды. Олардың 3 594-і (74,5%) ҰБТ-ға қатысуға өтінім берген. 105 адам «Алтын белгі» атағына, 44 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Айтпақшы, биыл ҰБТ-ға қатысушы түлектердің саны азайған, өткен жылы 3 799 түлек тапсырған. «Алтын белгі» мен үздік аттестатқа үміткерлер де азайыпты, өткен жылы сәйкесінше 152 және 80 болған еді. Дегенмен, сол кезде тек 30 «Алтын белгі» мен 8 үздік аттестатқа үміткер өз білімдерін ақтап шыққан еді. Аз болса да сапалы болғаны дұрыс.

Қауіпсіздік және алдын алу шаралары туралы журналистердің сұрағына жауап берген А. Дүйсекенова шпаргалкалар, ұялы телефондар, калькуляторлар мен басқа да тыйым салынған бұйымдарды алып кіруге әрекет жасаған талапкерлер ҰБТ-ға жіберілмейді деп кесіп айтты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

18 мамыр 2015, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.