17 мамырда Атырау халықаралық әуежайында қалалық спорт қауымдастығы кәсіпқойлар арасында кикбоксингтан Азия чемпионы белдігін жеңіп алған Абзал ДҮСІПОВТЫ қарсы алды.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВ өзінің құттықтау сөзінде Абзалдың осы жеңісі өңірдегі спорттың дамуына қозғаушы күш болатынын мәлімдеп, спортшыны осындай дәрежеге жеткізген жаттықтырушылардың еңбегін ерекше атап өтті.
2013 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы Азия чемпионы, 4 дүркін Әлем кубогының иегері Абзал Дүсіпов пен 2011 жылғы әлем чемпионы иорданиялық Адай Әли АБДУРАХИМ арасындағы айқас Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Бүкіләлемдік кикбоксинг кәсіпқойлары ұйымдарының қауымдастығының (WAKO-PRO) қолдауымен өтті. Салмақ дәрежелері – 60 келіге дейін. Атыраулық кикбоксшы айқасты сенімді түрде өткізіп, қарсыласын ұпай санымен жеңді.
- Мен Адай мен оның жаттықтырушыларының төреші шешіміне наразылықтарын мүлдем түсінбеймін. Бірінші раундта ол қарсыласын кеуде тұсынан ұрып, нокдаунға жіберді, алайда төреші есеп ашпады және иордандыққа жиырма секундтай демалуға мүмкіндік берді, - дейді Абзалдың ұстазы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Сүндеткерей ҚАСАНҒАЛИЕВ. – Иордандықтар өздерін мүлдем лайықсыз ұстады. Айқас алдында ұйымдастырушылар бізге 10 раунд болады деп айтқан, кейін иордандықтар 10 раунд төбелесуден бас тартып жатыр, 5 раунд болады деп хабарлады. Ал бұл мүлдем бөлек тактика ғой. Алайда Абзал сенімді түрде жеңіске жетті.
«АЖ»-ға берген қысқаша сұхбатында Абзал Дүсіпов алға қарай кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы, француз Камел БАШАНЫ айқасқа шақырғысы келетінін мәлімдеді. Олар 2013 жылдың желтоқсанында Түркияда өткен әуесқойлар арасында әлем чемпионатында кездесіпті. Сол айқаста Абзал жеңген. С. Қасанғалиевтың айтуынша, Абзал мен Камел арасында кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы атағы үшін айқас ұйымдастыру жоспарлары туралы оған Астанада WAKO-PRO-ның Қазақстандағы өкілі Ерлан ДОСМАҒАМБЕТОВ хабарлаған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор