Ресей үкіметі зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы мәселені қоғамдық талқылауға шығарады деп хабарланды Ресей министрлер кабинетының ресми сайтында жарияланған құжатта.
Премьер-министр Дмитрий Медведев қол қойған "Ресей үкіметінің 2018 жылға дейінгі кезеңдегі қызметінің негізгі бағыттары" деп аталатын құжатта зейнетақыны жинақтау жүйесін сақтау мен сақтандыру зейнетақысын қаржыландыратын кіріс көздері механизмін құру жайлы да айтылған.
Ресейде зейнеткерлік жасын ұлғайту мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Зейнетке шығу жасын ұлғайтуды жақтайтын қаржы министрі Антон Силуанов зейнет жасын ұлғайту бюджетке келетін шығынды азайтып, әлсіз демографиялық жағдай салдарларын жоюға көмектеседі дейді.
Бір жыл бұрын Ресей президенті Владимир Путин зейнетке шығу жасын ұлғайтудың жөні жоқ деп мәлімдеген. Бірақ ол 16 сәуірде өткен тікелей эфирде зейнетке шығу жасын ұлғайту мүмкіндігін жоққа шығармаған. Дегенмен, Путин "өзгерістің зейнетке шығайын деп тұрған азаматтарға қатысы болмайтынын" айтқан.
Ресейде ерлер зейнетке 60 жастан, әйелдер 55 жастан шығады. Қазақстанда зейнетке шығу жасы 1990 жылдары ұлғайған. Қазақстанда ерлер зейнетке 63 жастан, әйелдер 58 жастан шығады. Өткен жылы Қазақстан билігі әйелдердің зейнет жасын біртіндеп ұлғайтуға шешім қабылдаған. Ол бойынша Қазақстанда 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін жыл сайын әйелдердің зейнетке шығу жасы жарты жылға ұлғайып отырады.
Дереккөз: azattyq.org