Атырау, 17 мамыр 14:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

​«Дарын» Анталияны бағындырды

2 939 просмотра

Image 0Түркияның шет аймағында орналасқан Анталияда Бүкіләлемдік балалар күнін тойлау аясында 8-14 жас аралығындағы балалар арасында дүниежүзілік әндер фестивалі өтті.

Фестиваль Ататүрік атындағы паркте «Халықтар шеруімен» басталды және осы жерде әрбір вокалдық ұжым өз елі атынан өнер көрсетті. Қазақстан, Румыния, Эстония, Венгрия, Әзірбайжан, Болгария, Қырғызстан, Испания, Қытай және Грузия елдерінен келген қатысушылар өздерінің ұлттық костюмдерін киіп, вокалдық және би нөмірлерін орындады. Мәдени бағдарламалар аясында балалар Аксеки қаласындағы этнографиялық мұражайға барды және Кумлуджа қаласында гала-концертте өнер көрсетті. Гала-концерт түріктің ұлттық телеарнасынан көрсетілді.

Көрермендерге Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония жанынан құрылған Алтын Жұматина басқаратын «Дарын» ұл балалар хоры қатты әсер қалдырды. Хор құрамында Әділет Бисенбай, Қайрат Жағыпар, Расул Амангелдиев, Арсен Жоланов, Әмір Хасанов, Аман Ермаш, Жүсіп Бақберген, Асабай Сәлім, Эльдар Ғайнеденов және Саян Амангелді сынды мектеп жасындағы балалар бар.

Хор а капелла Қазақстандағы хормен ән салудың негізін қалаған Бақытжан Байқадамов өңдеген Құрманғазының «Айжан қыз» күйін орындады. Сонымен қатар балалар Лев Ошаниннің өлеңіне жазылған Аркадий Островскийдің «Әрқашан күн сөнбесін» әнін әсерлі орындады. 6 жасар Саян Амангелді Лайма Вайкуленің репертуарындағы «Чарли» әнін орындап, ұлы комик кейпінде қатал әділқазылар алқасын таң қалдырды.

Сонымен қатар, жетіген ұлттық аспабының сүймелдеуімен жеке нөмірлерде өнер көрсеткен Айшабибі Жанбала халық әні «Бүлдіргенді» және Ажар Баймұханова Ғарифолла Құрманғалиевтің «Туған жер» әнін домбырамен орындады.

Атырау облысынан барған барлық қатысушылар фестиваль лауреаттары атанды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет А.Жұматинанікі

14 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.