Нөсерлеп жауған жуынның салдарынан «Лесхоз» КСС-ке Садықов көшесі бойымен тартылған кәріздік желі істен шықты.
№95 үйдің тұрғыны Батыр НҰРБАЕВТЫҢ айтуынша, аузы-мұрнынан шыққан кәріздік құдықтардан нәжіс сулар 12 мамырда күндіз шыға бастаған. Жауынның салдарынан топырақтың босауы кәріздік құбырдың төмен отырып, майысып қалуына себепші болған. «Қазір, бастысы, ассенизаторлар ақауды тез жойып, нәжіс сулардың таралуын тоқтату»,- дейді Нұрбаев.
Жеке кәсіпкер Нұрлығайым ІЗТІЛЕУОВАНЫҢ цехын су басып қалған. Оның айтуынша, цех биік жерде тұр, сондықтан да жауын суы бұларға жетпеген, алайда проблемалардың барлығы цех аумағында жатқан құдықтың толып кетуінен пайда болған, боқтықтар далаға тарай бастады.
«Лесхоз» КСС маңындағы апат орнында «Атырау су арнасы» апаттық бригадасы құбыр желісінің апатты учаскесінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін байпас, яғни, уақыттша құбыр жүргізді.
«Атырау су арнасы» КМК басшылығы құбырдың істен шығу фактісін мойындады және апат нөсер жаңбырдың салдарынан болды деп мәлімдеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор